Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы Қазығұрт ауданының тұрғындарымен кездесті

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Кездесуге 300-ден астам адам қатысты. Олардың ішінде ауыл билері мен тұрғындары, ардагерлер мен кәсіби және кәсіби емес медиаторлар, білім, медицина салаларының қызметкерлері, аудан әкімдігі мен құқық қорғау органдарының басшылары және журналистер болды.

Кездесуді Қазығұрт ауданының әкімі ТөлегенТелғараев ашып, аудан тұрғындарымен осындай кездесуді ұйымдастырғаны үшін облыстық соттың төрағасы Нұрсерік Шәріповке алғысын айтты.

Төраға сөзінің басында, Қазақстан Судьяларының VII съезінде Елбасымыз Қазақстан соттарының алдына қойған мiндеттердің қатарында құқықтық ағартушылық мәселесiн айтып, азаматтарымыздың құқықтық сауаттылығының арқасында сот дауларының санын айтарлықтай азайтуға болады, – деген тапсырмасын іске асыру және жаңа заңнамаларды халыққа түсіндіру, сонымен бірге Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауы бойынша және жалпы еліміздің сот жүйесінде жүргізіліп жатқан реформалар туралы баяндау мақсатында аудан тұрғындарымен кездесіп отырғанын жеткізді.

Одан әрі Нұрсерік Кәрімұлы, өзінің баяндамасында «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын практикалық тұрғыдан іске асырудың негізгі нәтижелеріне тоқталып, үш сатылы сот төрелігі жүйесі сәтті іске қосылып, судьяларды іріктеу мен ілгерілету жүйесі қатаңдатылып, Сот жюриінің жұмысы реформаланғанын және Жоғарғы Сот жанынан инвестициялық дауларды қарайтын мамандандырылған алқа, Сот төрелігі академиясы мен Халықаралық кеңес құрылғанын тілге тиек етті. Сонымен қатар, тергеу судьялары мен алқабилер сотының құзыреті кеңейтіліп, азаматтық істер бойынша прокурорлардың сотқа қатысуы қысқартылды және судьялардың VII съезінде жаңа Судьялық әдеп кодексі қабылданды. Жаңа ақпараттық технологиялар іске қосылып, барлық сот залдары аудиобейнетіркеу жүйелерімен жарақтандырылып, соттардың қызметі бұрынғыдан да ашық бола түсті. 

Жаңа Азаматтық процестік кодекс пен қылмыстық заңнама жоғары тиімділігін көрсетуде. Республика бойынша барлық азаматтық істердің 60%-ға жуығы жеңілдетілген іс жүргізу тәртібімен қаралған. Медиацияны қолданып аяқталған істердің саны үш есеге өсті деді.

Баяндамадан кейін қатысушыларға сот өндірісінде қолданылып жатқан жаңа ақпараттық технологиялар бойынша «Сот кабинеті» және «Төрелік» сервистері тақырыптарындағы бейнероликтер көрсетілді.

Кездесу барысында Н.Шәріпов, қатысушылардың тарапынан қойылған барлық сұрақтарға толыққанды жауап берді.

Кездесуді аудан әкімі қорытындылап, сот жүйесінде жүргізіліп жатқан реформаларға және жаңа Азаматтық процестік кодексті түсіндіруге байланысты, жан-жақты жасалған баяндамасы үшін төрағаға алғысын білдіріп, бұл жиын тұрғындардың құқықтық мәдениетін көтеруде пайдалы болғанын атап айтты.

Қайнар: 
Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметі