«Егемен Қазақстан» газетінде Жоғарғы Сот Төрағасы Қайрат Мәмидің сұхбаты жарияланды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

«Егемен Қазақстан» газетінің 1 мамырдағы нөмірінде Жоғарғы Сот Төрағасы Қайрат Мәмидің «Қазақ билері – «Хан біткеннің қазығы, бұқара жұрттың азығы» атты сұхбаты жарияланды.

Сұхбатта Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Ұлытау төрінде қазақ халқының ұлттық құндылықтарының мән-маңызы және қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуындағы билер сотының рөлі тұрғысында айтқан ойларына қатысты пайымдамалық талдау жасалған.  

Сұхбатта Қазақ хандығы бастау алған тұстағы және одан кейінгі мемлекеттік басқару жүйесінің қалыптасу кезеңдеріндегі билер сотының  сот төрелігін жүзеге асыруда қолданған негізгі әдіс-тәсілдер атап көрсетілген. Бұл Жошы хан, Кетбұға би, Алаша хан, Жәнібек хан, Майқы би бабаларымыз билік еткен және елге қызмет еткен кезеңдер болатын. Шешім шығару дарынымен есімі халық арасында аңызға айналып, қазақ құқық жүйесі мен мемлекеттілігінің қайнар көзі саналатын тарихи тұлғаның бірі – Майқы би. Ол мемлекет басқаруға қатысты заң-ережелерді шығарып, кісі өлімі болған жағдайда істі мәні бойынша қарауды, мал ұрлығына қатысты еселенген айыппұл салуды тәжірибеге енгізген.

Сұхбатта «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолыа», әз Тәукенің «Жеті Жарғысы» секілді ертедегі дала заңдарының шеңберіндегі құқықтың қалыптасу барысы мен сол дәстүрлі құқық нормаларының қазіргі таңда да өзекті екендігі айтылған. 

Қайрат Мәми өз сөзінде қазақ халқының құқық жүйесіндегі билер сотының алатын орны мен билер қалдырған құқықтық нормалардың Конституция мен заңдардағы көрінісіне қатысты нақты мысалдар келтірген. Мәселен, «Қасым ханның қасқа жолы» атты тарихи құжат өзінің құрылымы мен мазмұны бойынша қазіргі Конституцияға ұқсас келеді.

Әңгіме  барысында  Мемлекет басшысының «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясының мән-маңызы, Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойын мерекелеу және осы мерейтой шеңберінде Жоғарғы Соттың бастамасымен ағымдағы жылғы қыркүйек айында «Қазақ құқығы мен билер сотының төрелігі – қазақ мемлекеттілігінің феномені» атты халықаралық ғылыми конференцияны өткізу жоспарланып отырғандығы айтылған.

Сұхбаттың толық нұсқасымен http://egemen.kz/2015/05/01/60266 сілтемесі арқылы танысуға болады.

Источник: 
ҚР Жоғарғы Сотының баспасөз қызметі