Жоғарғы Сот Төрағасы Жолдауды және конституциялық реформаларды жүзеге асырудағы соттардың рөлі туралы айтты

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Бүгін «Казахстанская правда» газетінде Жоғарғы Сот Төрағасы Қ.Ә.Мәмидің «Судебная система – важное звено успешной реализации Послания» атты сұхбаты жарияланды.  

Журналистердің сұрақтарына жауап бере келе, Қайрат Мәми Мемлекет басшысының Жолдауы мен республика судьялары VII съезінің қорытындылары тұрғысынан сот жүйесінде орын алған соңғы ауқымды өзгерістердің неғұрлым маңызды аспектілері мен отандық сот қызметінің алдағы қызметі туралы айтып берді.   

Еліміздің жоғары сот органының төрағасы сот жүйесі құқық үстемдігі мен баршаның заң алдындағы теңдігін қамтамасыз ете отырып, Жолдауды табысты іске асырудың маңызды буыны болып табылатындығын атап өтті. «Осыған орай сот корпусы сот жүйесіне тән бағыттар бойынша шектеліп қалмай, өз құзыреті шеңберінде де Жолдауда белгіленген еліміз үшін маңызды өзге де барлық басым бағыттарды іске асыруға белсене атсалысуы қажет», - деді Қ.Мәми. Солардың қатарында Төраға  жеке меншікті қорғауға, шетелдік инвестицияларды тартуға, бұқаралық кәсіпкерлікті қолдауға, салық-бюджет саясатын жақсартуға, бюджетті оңтайлы қолдануға қатысты мәселелерді атап өтті. Жолдаудың неғұрлым маңызды басымдықтары бойынша Жоғарғы Сот сот практикасын қорытып, заңнаманы қайта тексерістен өткізіп, тиісті органдарға кешенді ұсыныстар әзірлейтін болады. «Соттардың жиі кездесетін түйткілді мәселелерді анықтап, соларды шешу бойынша өз ұсыныстарын енгізуге әрқашан мүмкіндігі бар» - деді Қ.Мәми.  

Сұхбатта шетелдік инвесторлар үшін республикамыздың тартымдылығын арттыру жұмысын күшейту бағытында инвестициялық даулар бойынша біркелкі сот практикасы қорыту, заңнаманы жетілдіру, қаржылық секторды «қайта жүктеу» бөлігінде – Жоғарғы Соттың бастамасымен әзірленген коллекторлық қызмет мәселелері бойынша заң жобасының шеңберінде түзетулер қабылдау жұмыстарының жалғасатындығы да айтылды.

Қ.Мәми салық-бюджет саясатын жақсарту, мемлекеттік сатып алу саласын жетілдіру, терроризм мен экстремизм бойынша соттардың мамандануын енгізу мүмкіндіктерін зерделеу бағытындағы Жоғарғы Соттың алдағы жұмыстары туралы ойларымен бөлісті. 

Сұхбатта әкімшілік және қылмыстық заңнаманы ізгілендіру мәселелеріне мән берілген. Атап айтқанда, соттардың айыппұл салу түрінде жаза тағайындау институтын кеңейтуге және оларды өтеудің қисынды мерзімін тағайындауға, қоғамдық қауіптілігі төмен экономикалық қылмыс құрамдарын қылмыссыздандыруға, аз көлемде айыппұл салу институтын қайта қалпына келтіруге бағдарланатындығы айтылды.

2016 жылы сот жүйесінде жүргізілген реформалардың негізгі қорытындылары туралы айта келе, жоғары сот органының төрағасы сот төрелігіне қолжетімділіктің барынша жеңілдегенін, жүйенің адамдар үшін неғұрлым түсінікті бола түскенін атап өтті.    

«Соттағы әуре-сарсаң» деген ұғым өткеннің еншісінде қалды. Ең бастысы, түрлі татуластыру рәсімдері, соның ішінде партисипативтік келісім институты неғұрлым кеңінен қолданыла бастады. Олар тараптарға сот процесінің кез-келген сатысында татуласуға, ортақ шешімге келуге, осылайша, дауды түбегейлі еңсеруге мүмкіндік береді», - деп атап өтті Қ.Мәми.

Сұхбатта сот төрелігін жүзеге асыру бойынша соттар жұмысының негізгі көрсеткіштері атап көрсетілген. Тұтастай алғанда, олар соттардағы азаматтық істерді қарау мерзімінің қысқарғанын, бұйрықтық іс жүргізу тәртібіндегі және дауды шешудің баламалы тәсілдерін, соның ішінде, медиацияны қолдана отырып аяқталған істер санының артқандығын айғақтайды.

Сонымен қатар, Қ.Мәми билік өкілеттіктерін қайта бөлу жөніндегі жұмыс тобының мүшесі ретінде сот құрылымы мен сот ісін жүргізу, сот төрелігін жүзеге асыру, Үкіметпен, Парламентпен, құқық қорғау және өзге де мемлекеттік органдармен өзара қарым-қатынас мәселелері бойынша   Жоғарғы Сот әзірлеген ұсыныстар туралы айтып өтті. Жоғарғы Соттың барлық ұсыныстары Мемлекет басшысына ұсынылған заң жобасын әзірлеу барысында қолдау тауып, ескерілді. Қазіргі таңда барлық өңірлердегі соттар ұсынылған түзетулерді талқылау бойынша жұмысты белсенді жүргізіп жатқандығы айтылды.

Сұхбаттың толық нұсқасымен төмендегі сілтеме арқылы танысуға болады: http://www.kazpravda.kz/articles/view/sudebnaya-sistema--vazhnoe-zveno-uspeshnoi-realizatsii-poslaniya1/

Қайнар: 
Жоғарғы Соттың баспасөз қызметі