Қазақстандық судьялар Біріккен Араб Әмірліктеріне іссапармен барды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Ағымдағы жылдың 25-26 ақпанында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы Жақып Асанов бастаған қазақстандық судьялар делегациясы Біріккен Араб Әмірліктерінде іссапармен болды.

Іссапар барысында қазақстандықтар Дубайдың Халықаралық қаржы орталығына (ДХҚО) барып, сот актілерін орындау мен құқық жүйесімен танысты. Меймандарға «Ұсақ дауларды қарайтын смарт соттар» онлайн отырысы көрсетілді. Жоба сотта істі тараптар мен судьялардың қатысуынсыз өткізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, олар әлемнің кез-келген жерінде болып, сотқа смартфон, планшет, ноутбук және басқа да девайс арқылы қосыла алады.

Делегацияға «Болашақ соты» жобасының жаңа стратегиясы таныстырылды. Ол жоғары технологиялық және тиімді соттарды құру бойынша әлем елдері сот органдарының өзара қарым-қатынасын қамтамасыз етуге бағытталған. Кездесулер барысында тараптар Қазақстанның «Болашақ соты» жобасына қатысуы мен Қазақстанның ДХҚО тәжірибесін қолдануы талқыланды.

Ж.Асанов дубай соттарының атқарушы директоры Тареш әл-Мансұрмен кездесті. Келіссөздер шеңберінде Дубай сотының құрылымымен, кадрлық саясатымен, инновациялық шешімдер мен технологияларды сот ісін жүргізу процесіне енгізу секілді қызметтерімен танысты.

Абу-Даби қаласында Ж.Асанов БАӘ Жоғарғы Федералдық Сотының төрағасы (ЖФС) Мұхаммед бен Хамад әл-Бадимен, осы соттың судьяларымен және БАӘ Әділет министрлігінің өкілдерімен кездесті. Әңгімелесу барысында екі елдің сот жүйесі туралы ақпаратпен алмасты.

 ЖФС басшысы қазақстандық делегация мүшелеріне БАӘ сот жүйесі, судьяларды бастапқы және жоғары сатыларға тағайындау тәртібі, кадрлық саясат пен елдің сот жүйесіндегі басқа да ерекшеліктер туралы айтып берді. БАӘ федералдық сот жүйесіне құжаттарды онлайн-тіркеу жаңа технологиялар бойынша судьялар үшін тренингтер өткізуді кезең-кезеңмен енгізу туралы атап өтілді.

Өз кезегінде Қазақстан Жоғарғы Сотының Төрағасы сот төрелігінің тиімділігін арттырудағы республикадағы қабылданып жатқан шаралар туралы әңгіме қозғады. Ел Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен жүргізілген Ұлт Жоспары шеңберінде Қазақстанның сот жүйесі қол жеткізген негізгі нәтижелерге ерекше назар аударылды. ЖФС судьялары қазақстандық соттарда «электрондық сот төрелігі» жаңа сервистерін енгізу, шетелдік озық тәжірибені және т.б. қолдану туралы таныстырылды.

Қазақстандықтар сонымен қатар «Абу-Даби Глобал Маркет» - Абу-Даби Халықаралық қаржы орталығына барды. Қазақстанның Жоғарғы Сот Төрағасы Тіркеуші – Абу-Даби Глабал Маркет соттарының бас атқарушы директоры Линда Фитц-Аланмен кезедсті. Ол меймандарды қаржы орталығының жұмысымен, коммерциялық салада сот актілерін орындаудың негізгі қағидаларымен, Абу-Даби Глабал Маркет соттарының құрылымымен, сондай-ақ өздері және Абу-Даби Үкіметі мемлекеттік құрылымдары арасындағы өзара қарым-қатынас тіртібімен таныстырды.

Өз кезегінде Ж.Асанов Қазақстандағы сот құрылымы мен сот ісін жүргізу және олардың жұмысын жақсарту бойынша жүргізілген жұмыстар туралы айтты. Қазақстанға ірі халықаралық коммерциялық компанияларды және қаржы институттарын тарту мақсатында Астана Халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) құрылғандығын ерекше атап өтті. «АХҚО жұмысының тиімділігі үшін басқа елдердің осыған ұқсас орталықтарымен тығыз қарым-қатынас орнатылды, барлық жағдай жасалды, соның ішінде сот пен арбитраж құрылды. Бұл АХҚО-ның барлық клиенттері үшін сот-құқық жүйесін әмбебап және түсінікті етеді», - деді Қазақстанның Жоғарғы Сот Төрағасы.

 Кездесу соңында тараптар ынтымақтастықты дамытуға, сондай-ақ халықаралық сот жүйесі мен құқық мәселелері бойынша одан әрі тәжірибемен алмасуға дайын екендіктерін білдірді.   

Қайнар: 
ҚР Жоғарғы Сотының баспасөз қызметі
Тегтер: