Атырауда судьялар мен сот қызметкерлері ежелгі қаланың орнында болды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Атырау облысы соттарының судьялары мен сот қызметкерлері қазіргі уақытта тарихи қазба жұмыстары жүргізіліп жатқан ежелгі қала шатқалында болды.

Тарихи – өлкетану мұражайы Атыраудан 6 шақырым жерде орналасқан ортағасырдағы Алтын орданың ХІІІ ғасырдағы Ақтөбе –Лаэти қалашығында археологиялық қазба жұмыстарын жүргізуде.

Облыстық өлкетану мұражайының директоры Рашида Харипова келушілерді ежелгі қаланың пайда болу тарихы мен оның жоғалып кету себебі, қала тұрғындарының өмірі, олардың қолөнер кәсібімен айналысқаны және археологтардың бұл маңда соғуға дайындалған көне тиындарды тапқаны туралы ақпар берді.

«Табылған жәдігерлер бұл қалада өзінің теңге сарайы болғанын, мұнда алтын, күміс және қола тиындар соғылғанын білдіреді. Зергерлік өнер де дамып, қарқынды сауда-саттық жүргізілген. Қазіргі таңда қазба жұмыстары 20х20 шаршы метр аумақта жүргізілуде, Ақтөбе – Лаэтиден табылған 500-ге жуық зат біздің музейге экспонат ретінде қойылды», - дейді Р.Харипова.

Енді Ақтөбе – Лаэти қалашығындағы қазба жұмыстары жыл сайын жүргізіліп тұрады. Ежелгі қалашықтың аумағы тарихи және мәдени ескерткіштердің мемлекеттік тізіміне енгізілгендіктен, қоршауға алынады. Болашақта бұл жерде аспан астындағы мұражай салынады.

Жарқын әсермен бөліскен Атырау облыстық сотының судьясы Марина Черняховская, мұндай «өткен шақпен кездесулер» әрбір қазақстандық үшін маңызы зор екенін айтты.

Қайнар: 
Атырау облыстық сотының баспасөз қызметі