Атырауда академик Салық Зимановтың 100 жылдығына арналған республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Атырауда Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және академик Салық Зимановтың 100 жылдығын мерекелеу аясында "Салық Зиманов және қазақ мемлекеттілігі: тарихы мен құқықтық дамуы" тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды.

Оның жұмысына Жоғарғы Сот Төрағасы Жақып Асанов, Конституциялық Кеңес Төрағасы Қайрат Мәми, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының атқарушы директорының орынбасары Игорь Рогов қатысты. Сонымен қатар, іс-шарада Парламент депутаттары, қоғам және мемлекет қайраткерлері, ғалымдар мен сарапшылар, мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, адвокаттар, медиаторлар, судьялар, ардагерлер мен С.Зимановтың ұрпақтары болды.

Ж.Асанов өз сөзінде С.Зимановты еске алу конференциясын республика Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында өткізудің өзіндік символдық мәні бар екенін атап өтті. «С.Зимановтың зерттеулері Қазақстан мен Орта Азия республикаларында саяси тарих пен саяси құқықтың дамуына қосқан қомақты үлес ретінде бағаланады. Ол отандық заң ғылымының негізін қалаған тұңғыш академик. Қазақ тарихын да терең зерттеді. Тәуелсіздік декларациясы мен заңды дайындауға қатысты, алғашқы Ата Заңды әзірлеу тобын басқарды. Бұл заңдар тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттілігінің негізін салып, заңдық тұрғыда бекітіп берді», - деді Ж.Асанов.

Іс-шараға қатысушылар ұлы ғалымның құнды әрі қызыққа толы жарқын өмірі туралы естеліктерімен бөлісіп, оның ғылымға қосқан үлесі мен академиктің қызығушылығының алуан түрлілігін айғақтайтын еңбектері туралы айтты.

Жиында заңнама жаңашылдықтары, құқық қорғау органдары мен сот жүйесінің қызметін жетілдіру жөніндегі өзгерістердің бағыттары талқыланды.

С.Зимановты мәңгі есте сақтау және құқықтық базаны жетілдіру бойынша ұсынылған шаралар конференция қарарына енгізілді.

Сол күні Атырау қаласындағы № 37 мектепке С.Зимановтың есімін беру рәсімі өтті. Облыстық сот пен Атырау облысы әкімдігінің бұл бастамасы Республика Үкіметі тарапынан қолдау тапты. Мектеп аллеясын көрнекті ғалымға орнатылған ескерткіш көркейте түсті.

Қайнар: 
Атырау облыстық сотының баспасөз қызметі