Ақмола облыстық сотының төрағасы аудан тұрғындары және белсенділерімен кездесіп, облыстың сегіз ауданында азаматтарды қабылдады

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Ақмола облыстық сотының төрағасы Досжан Әміров облыстың сегіз ауданының тұрғындары мен белсенділермен кездесу өткізіп, өңірдегі аудандық соттардың жұмыс жағдайымен танысты, сонымен қатар соттарда азаматтарды қабылдады.

Ақмола облыстық сотының төрағасы Бурабай, Еңбекшілдер, Бұланды, Ақкөл, Шортанды, Ерейментау, Аршалы аудандары мен Степногорск қаласының тұрғындарымен кездесті. Кездесуге аудан әкімдері, ауылдық округтердің әкімдері, депутаттар, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының басшылары, адвокаттар, медиаторлар, ардагерлер мен судьялар қатысты.

Кездесулерді өткізу мақсаты – Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының негізгі ережелерін түсіндіре отырып, мемлекеттік тілді дамыту, дауларды шешуде соттарда татуластыру рәсімдерін қолдану, ақпараттық технологияларды дамыту мен сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселелері бойынша өзара әрекеттесуге шақыру.

Кездесулерде «Қазақстан Республикасының 2050 жылға дейінгі даму Стратегиясының басты мақсаты – Қазақстанның әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарында болуға жету үшін, мемлекеттілікті одан әрі нығайту, оны барлық салада белсенді пайдалана отырып дамыту - ұзақ мерзімді басымдықтарды іске асыру қарастырылған» - деді Д.Әміров және Елбасының «Қазақ тілі - біздің рухани негізіміз. Біздің міндетіміз - оны барлық салада белсенді пайдалана отырып дамыту қажет» - деген сөздерін атап өтті төраға. Облыстық соттың төрағасы қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде  мәртебесін көтеру мақсатында, органдар мен ведомстволар арасында сот ісін жүргізу мен іс жүргізуде және ведомствоаралық хат алмасуда қолдану қажеттілігін айтты. 

Облыстық соттың төрағасы аудандарда жасаған баяндамасында, Жоғарғы Сотының Төрағасы Қ.Мәмидің «Рухани жаңғыру – мәңгілік ел болудың кепілі» тақырыбында өткізген «дөңгелек үстелдің» қарары бойынша іс-шараларды  облыс соттарымен іске асырып жатқандығын атап өтіп, жергілікті атқарушы органдардың басшыларын белсенді түрде өзара әрекеттесуге шақырды.  

Сот төрағасы облыс соттарымен өткізілетін іс-шаралар аясында өскелең ұрпақтың рухани-мәдени білімін арттыру мақсатында кездесулер, «дөңгелек үстелдер» ұйымдастыру, билерді, қазақ зиялыларын, мәдениет және өнер қайраткерлерін еске алу кештерін өткізу, мұрағаттар, мұражайлар және кітапханалармен байланыс жасауды, сонымен қатар, тарихи-танымдық байқаулар өткізу көзделгендігін атап өтті.

Досжан Әміров аудан ақсақалдары мен жергілікті атқару органдарының өкілдеріне тарихи тұлғалардың есімдерін жаңғырту, ұрпақ жадында мәңгі қалдыру мақсатында әкімшілік-географиялық нысандарды белгілеп, олардың есімдерімен атауға ат салысуға шақырды.

Кездесулерде Досжан Әміров сот жүйесіндегі реформалар, алқабилер сотының дамуы, татуластыру рәсімдерін, сот отырыстарында дыбыс-бейне тіркеу жүйесін қолдану, ақпараттық технологиялар, соның ішінде «Сот кабинеті» сервисін пайдалану, сот шешімдерінің орындалуы туралы, істерді қарау мерзімдерін бұзбау, БАҚ және ҮЕҰ-ның өзара байланысы және сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы айтып өтті.

Төраға сөз сөйлеуінде, Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында  сот жүйесі алдында қойған тапсырмаларының орындалғаны туралы айтты.

Облыстық соттың төрағасы медиацияны дамытудың маңыздылығын айтып өтіп, Ақкөл ауданының медиаторы Гүлмира Құнанбаеваға, Бурабай ауданының медиаторы Шолпан Отарбаеваға, Еңбекшілдер ауданының медиаторы Қанат Баймановқа, Бұланды ауданының кәсіби емес медиаторы Людмила Замолотоваға, Ерейментау ауданының кәсіби медиаторы Қайыржан Құсайыновқа, Аршалы ауданының кәсіби медиаторы Орынтай Тілеубаеваға өңірлерде медиацияны дамыту мен қолдану ісінде белсенділік танытып, насихаттағаны үшін Алғыс хаттармен марапаттады.

Ақмола облыстық сотының төрағасы сегіз ауданда азаматтарға қабылдау жүргізіп, 40-тан астам азаматтардың өтініштері мен сұрақтарын тыңдады. Барлық жүгінген азаматтардың сұрақтарына жауап беріліп, түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Сонымен қатар, облыстық соттың төрағасы әр өңірде аудандық соттың ұжымымен жұмыс кеңесін өткізіп, сот төрелігінің сапасы және сот ісін жүргізуді ұйымдастыру бойынша 2017 жылдың 7 айына соттың жұмыс көрсеткіштерін талқылады. Бұған қоса, соттардың материалдық-техникалық жабдықталуымен, судьялардың біліктілігін жетілдіру қызметімен танысып, мұрағаттардың жұмысын, медиация бөлмесі мен адвокаттарға арналған бөлмені тексерді.

Облыстық соттың төрағасы кездесулерді қорытындылай келе,  сот жұмысының барлық бағыттары мен талаптары бойынша көрсеткіштерін көтеру үшін судьялар мен сот қызметкерлеріне бірқатар тапсырмалар жүктеді.

Қайнар: 
Ақмола облыстық сотының баспасөз қызметі