Ақмола облысының Бурабай ауданында «Үш би» монументі ашылды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Бурабай аудандық соты ғимаратының жанында өткен «Үш би» монументін салтанатты түрде ашу рәсіміне аудан тұрғындары, сот жүйесінің, әкімдіктің, мәслихаттың, құқық қорғау органдарының, жергілікті мемлекеттік мекемелердің, бизнес құрылымдарының өкілдері, еңбек және сот жүйесінің ардагерлері қатысты.

Ақмола облыстық сотының төрағасы Досжан Әміров сөз сөйлеп, бірлігі жоқ халықтың өмір сүруі мүмкін емес екенін, ал данасы жоқ елдің дамымайтынын айта келіп, монументті ашудың осындай мақсатты көздейтінін атап өтті.

«Төле биге, Қазыбек биге және Әйтеке биге арналған монумент ауданның келбетін ашар көрікті орындарға айналып, халықтың бірігуіне және мемлекеттілікті қорғауға көп күш салған қазақ халқының көрнекті қайраткерлерін еске түсіріп тұруға тиіс. «Үш би» ескерткіші даналықты, тұрақтылықты, батылдықты дәріптейді, біртұтас, мықты мемлекет пен әділ қоғамды бейнелейді», - деді облыстық соттың төрағасы өз сөзінде.

Ол судьялар мен жергілікті атқарушы органдардың өңірдегі 68 көшеге және 1 кентке билердің және қазақ халқының танымал қайраткерлерінің есімдерін беруге салмақты үлес қосқанын атап өтті. Бұл жұмыс                   Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа көзқарас: қоғамдық сананы жаңғырту» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларының негізінде іске асуда.

Д. Әміров Билер кеңесінің институтын дамытуға, олардың игі ісін жалғастыра отырып, дауласқан адамдарды өзара бітістіруге шақырды.

Салтанатты іс-шарада Бурабай ауданының әкімі Әсет Мұздыбаев, аудандық мәслихаттың хатшысы Өтелбай Бейсенов және аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы әрі Билер кеңесінің мүшесі Малгелді Жұмағұлов сөз сөйледі.

Қайнар: 
Ақмола облыстық сотының баспасөз қызметі