Ақмола облыстық сотында сот ісін жүргізуде мемлекеттік тілді қолдану мәселелері талқыланды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Ақмола облыстық сотының төрағасы Досжан Әміров сот төрелігін жүзеге асыру кезіндегі мемлекеттік тілдің рөлі мен маңызы туралы конференция өткізіп, сот ісін жүргізуде тіл туралы заңнаманың нормаларын толыққанды қолдануға кедергі келтіретін түйткіл мәселелерді талқылады.

Конференцияның жұмысына Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының кандидаты, профессор Есберген Алауханов, өңірдегі ішкі саясат басқармасының басшысы Алтынай Әміренова, судьялар, Қазақстан халқы ассамблеясының өкілдері, мемлекеттік органдар, прокуратура, полиция, мемлекеттік кіріс, әділет, БАҚ өкілдері, адвокаттар және сот жүйесінің ардагерлері қатысты.

Қоғамдық маңызды мәселені талқылау бойынша облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғосман Төлеғұл, тіл саясатын іске асыру туралы ішкі саясат басқармасының басшысы Алтынай Әміренова, мемлекеттік тілді қолданудың жағдайы туралы өңірлік прокуратураның мемлекеттік айыптауды қолдау жөніндегі басқармасының бастығы Марат Сұлтанов, мемлекеттік қызмет көрсету басқармасының бастығы Нұрсұлтан Шытырымбек сөз сөйледі.

Мемлекеттік тілде талап қою арызын беру кезінде туындайтын кедергілер туралы Салық департаменті басшысының орынбасары Бауыржан Шайкенов, тергеу іс-әрекеттерін жүргізу кезінде мемлекеттік тілді қолдану туралы тергеу басқармасы бастығының орынбасары Дулат Кенжесейітов, сот ісін жүргізу кезінде мемлекеттік тілді қолдану туралы Атбасар және Шортанды аудандық сотының төрағалары Нұрлан Бекенов және Бейбіт Нұржан, Көкшетау қалалық сотының судьясы Ғабит Төлегенов сөз сөйледі.

Д. Әміров өз сөзінде мемлекеттік тілдің маңыздылығы, тілді дамытудың және қолданудың түйткіл мәселелері туралы айта келіп, Ахмет Байтұрсыновтың, Мұхтар Әуезовтің, К. Паустовскийдің, Конфуцийдің  және басқалардың мемлекеттің қалыптасуындағы тілдің рөлі мен маңызы туралы қанатты сөздерінен мысалдар келтірді.

Сот ісін жүргізуде мемлекеттік тілді қолдану мәселелері туралы айта келе ол құқық қорғау құрылымдары мен мемлекеттік органдар өкілдерінің назарын соттардың істерді қарау барысында, атап айтқанда, жеке қаулылар шығару кезінде байқалатын мемлекеттік тіл туралы заңнама нормаларының бұзылуына аударды.

«Қазақстан Республикасында мемлекеттік тілді дамыту үшін барлық жағдай жасалған, заңнамалық және құқықтық база, мемлекеттік бағдарламалар, тұжырымдамалар, оны дамыту бойынша ведомстволық жоспарлар бар. Әрбір мемлекеттік қызметшінің міндеті азаматтардың тіл таңдау құқығын бұзбай, заң нормаларын сақтау, оларды дұрыс қолдану болып табылады», – деп атап өтті облыстық соттың төрағасы.

Іс-шара барысында «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңның 4-бабында Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі қазақ тілі болып табылатыны тікелей атап көрсетілді. Мемлекеттік тіл-мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық салаларында қолданылатын мемлекеттік басқару, заңнама, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі. Мемлекеттік, жергілікті өкілетті және атқарушы органдар ана тілін дамыту үшін барлық жағдайды жасауға міндетті екені туралы да айтылды.  

«Сонымен қатар, АПК-нің «Сот ісін жүргізу тілі» деп аталатын 14-бабында, ҚПК-нің «Қылмыстық сот ісін жүргізу тілі» туралы 30-бабында және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің «Іс жүргізу тілі» деп аталатын 738-бабында азаматтық, қылмыстық және әкімшілік істер бойынша сот ісі қазақ тілінде жүргізіледі деп бекітілген. Демек, арыздарды қабылдау, тергеу іс-әрекеттерін жүргізу, хаттамаларды ресімдеу кезінде көбінесе мемлекеттік тіл қолданылуға тиіс», - деп атап өтті Д. Әміров.

Өңірде қазақ ұлты 51%, ал 2019 жылы қаралған істердің үлесі тек 5%-ды, 2020 жылдың қаңтарында 5,5%-ды құрады. Соттарда сот ісін жүргізу тілі 2019 жылы 1 002 іс бойынша (0,9%), 2020 жылдың қаңтарында 48 іс бойынша (0,7%) мемлекеттік тілге ауыстырылды.

Облыстық сот төрағасының соңғы екі жыл ішінде барлық ведомстволардың басшыларына мемлекеттік тілде іс жүргізудің қажеттілігі туралы еске салуы, семинарларда және өзге де іс-шараларда тілдің рөлі мен маңызын талқылауды іске асырып, бірнеше рет жазбаша өтініштерді жіберуі мемлекеттік тілде қаралған істердің санын 1,3%-ан (2016 ж.) 5,0%-ға дейін (2019 ж.) арттыруға мүмкіндік берді.

Заң ғылымдарының кандидаты, профессор Есберген Алауханов мемлекеттік тілдің жағдайы мен мәртебесін талқылаудың қажеттілігін атап өтті.

Конференцияға қатысушылардың мемлекеттік тілді одан әрі дамыту жөніндегі ұсыныстары ескеріліп, баяндамаларды талқылаудың қорытындысы бойынша қабылданған қарарға енгізілді.

Қабылданған қарарға сәйкес, тергеу органдары, прокуратура мен соттар азаматтардың тілді таңдау құқығын сақтай отырып, мемлекеттік тілде іс жүргізуді бақылауды күшейту, сот ісін жүргізу тілі туралы заңнама нормаларының бұзылуын анықтау және болдырмау мақсатында барлық шараларды қолдану жөнінде, ал мемлекеттік органдар сотқа талап қою арыздарын мемлекеттік тілде жіберу туралы міндеттеме алды. Прокуратура мен соттар мемлекеттік тілде іс жүргізу барысын бірлесіп бақылайтын болды.

Қайнар: 
Ақмола облыстық сотының баспасөз қызметі