Жоғарғы Соттың мамандандырылған алқа төрағасы А.Қыдырбаева Маңғыстау және Атырау облыстық сотының қорытынды кеңестеріне қатысты

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Маңғыстау облыстық сотында 2016 жылғы сот төрелігін жүзеге асыру қорытындысы туралы кеңейтілген кеңес өтті. Оған Жоғарғы Соттың Мамандандырылған сот алқасының төрағасы Айгүл Қыдырбаева қатысты.

Облыстық сот төрағасы Ж.Аланов кеңесте 2016 жыл қорытындысы бойынша республика соттары арасында Маңғыстау облыстық соты 11 орынға тұрақтағанын айтты. Ол «100 нақты қадам» ұлт Жоспарының сот жүйесіне қатысты екінші реформасының және Елбасы Жолдауының бесінші басымдығында айтылған міндеттерді орындау мақсаттарына тоқталды.

«2016  жыл сот жүйесі үшін жетістіктері мол, табысы зор жыл болды. Біріншіден, сот сатылары қысқарып, жаңа Азаматтық процестік кодекс азаматтық-құқықтық қатынастардан туындайтын дауларды реттейтін негізгі тетікке айналды. Екіншіден, ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында судьялардың VII съезі абыроймен өтіп, Судьялық әдеп кодексі қабылданды», - деді Ж.Аланов.

Жиында облыстық соттың алқа төрағаларының, Судья әдебі бойынша комиссия төрағасының, БАҚ-пен өзара іс-қимыл бойынша үйлестіруші-судьяның, облыс бойынша соттар әкімшісінің басшысының, аудандық және оған теңестірілген соттар төрағаларының баяндамалары тыңдалды.

2016 жылы облыста барлығы 2012 тұлғаға қатысты 1738 қылмыстық іс қаралған. Соның ішінде 1472 тұлғаға қатысты 1245 қылмыстық іс үкім шығарумен аяқталған. Сот талқылауын жан-жақты жүргізіп, дұрыс сараптама жасау нәтижесінде 21 тұлғаға қатысты ақтау үкімі шығарылған.

Маңғыстау облысының аудандық және оған теңестірілген соттарына 1231 іс, 21 464 талап арыз түсіп, барлығы 22 695 іс пен талап арыздар тіркелген. Есептік кезеңде аяқталған азаматтық істердің саны ұлғайған. Өткен жылы облыста 20 039 азаматтық іс өндірісі аяқталса, соның ішінде 12 663 азаматтық іс мемлекеттік тілде қаралған.

2016 жылы Маңғыстау  облысының соттары барлығы 16105 адамға қатысты 16041 әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарап, аяқтады.  Өткен жылы 2015 жылмен салыстырғанда қаралған әкімшілік істер саны 786-ға азайған.

Медиаторлардың қатысуымен облыс соттарында 924 іс, соның ішінде судья медиаторлардың қатысуымен 493 азаматтық іс қаралған.

Сөз сөйлеушілер сот мәжілісі залдарының аудио-бейнетіркеу құралдарымен 100 пайызға жабдықталғанын айтты. Есепті кезеңде «Сот төрелігі» электронды сервисі арқылы 17 721 талап арыз, 1549 өтініш, одан өзге құжаттарды қосқанда барлығы 21 128 құжат тіркелген.

Барлық баяндамаларды тыңдап, жұмыс барысымен танысқан А.Қыдырбаева Конституцияға енгізілетін өзгерістерге, сот жүйесіндегі реформаларға, нормативтік актілердегі жаңашылдықтарға, өзгерістерді қолдану тәртібіне тоқталды. Сонымен қатар, өңірде инвестициялық даулардың көп орын алуына байланысты осы санаттағы істерді қарау практикасы туралы ойларымен бөлісті.

Кеңес салтанатты шараға жалғасып, жаңадан тағайындалған судьялардың ант қабылдау және марапаттау рәсімімен аяқталды.

 

Атырау облыстық сотында 2016 жылғы сот төрелігін жүзеге асыру қорытындысы бойынша кеңейтілген мәжіліс өтті. Мәжіліске Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандандырылған сот алқасының төрағасы Айгүл Қыдырбаева, облыс судьялары және БАҚ өкілдері қатысты.

Кеңейтілген жиын жұмысын облыстық соттың төрағасы Марғұлан Бектұрғанов ашты.

Мәжілісте сөз алған облыстық соттың төрағасы республика судьяларының VII съезінде алға қойылған тапсырмалар мен Жоғарғы Сот төрағасының судьялардың кеңейтілген кеңесінде берген тапсырмаларын өңір  судьялары орындауға кіріскеніне назар аударды.

«Мемлекет басшысы өзінің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында басқа міндеттермен қатар, сот жүйесіне деген сенімнің артуына қол жеткізу, судьялардың жұмысына заңнан тыс кез келген ықпалды жою қажеттілігі міндетін қойды», - деген М.Бектұрғанов, нақты осы міндетті орындау судьялардың негізгі мақсаты болып табылатынын айтты.

Жиын барысында сот алқаларының төрағалары Ә.Шығамбаев пен Т.Уәлиева қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша сот төрелігін жүзеге асыру сапасы жайлы сөз сөйледі.

Судья әдебі жөніндегі комиссия төрағасы Р.Аққұлованың, облыс бойынша Соттар әкімшісі Г.Жұмағалиеваның, татуластыру рәсімдері бойынша үйлестіруші-судья Г.Исамберлиеваның, БАҚ-пен өзара іс-қимылды үйлестіруші-судья М.Черняховскаяның, жас судьяларға тәлімгерлік бойынша үйлестіруші-судья Б.Нұржанованың атқарған жұмыстары туралы есептері тыңдалды.

Өз кезегінде, Айгүл Қыдырбаева республика судьяларының VII съезі сот жүйесін жаңғыртуға жаңа серпін бергенін және сот төрелігін жүзеге асыру бойынша негізгі бағыт болатынын атап айтты.  А.Қыдырбаева Жоғарғы Сот тарапынан бірыңғай сот практикасын қалыптастыру бағытында жұмыстар атқарылып жатқандығын да атап өтті. 

Іс-шара соңында республика соттары арасында өткен байқаудың қорытындысы шығарылып, сот жүйесінің дамуына үлес қосқан судьялар марапатталды.

Қайнар: 
Маңғыстау және Атырау облыстық соттарының баспасөз қызметі