Жоғарғы Сотта Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру жөнінде селекторлық кеңес өтті

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Бүгін Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы Қайрат Мәми өңірлермен селекторлық кеңес өткізді.

Іс-шараға облыстық және оған теңестірілген соттардың төрағалары, еліміздің судьялар корпусы, соттар кеңселерінің қызметкерлері бейнебайланыс арқылы қатысты.

Күн тәртібінде ең алдымен Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауын іске асыру үшін сот жүйесінің алдағы кезеңге жоспарланған міндеттері туралы мәселе қаралды.

«Жолдауда әлемдік экономика дамуының қазіргі ахуалы айтылып, Қазақстанның Жаңа экономикалық саясаты жарияланды және таяу келешекке бағытталған негізгі басымдықтар айқындалды», - деп атап өтті Қ. Мәми.

Сот жүйесінің үйлесімді жұмысы азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сенімін арттыруға ықпал ететін негізгі фактор болып табылады. «Ағымдағы экономикалық жағдайда сот жүйесінің алдында кәсіпкерлік субъектілері  қатысатын сот істерінің қаралуын жеделдету, сот өндірісін жеңілдету және төрешілдік рәсімдерді азайту жөнінде маңызды міндеттер тұр»,  - деді Жоғарғы Сот Төрағасы.

         Қазіргі таңда Жоғарғы Сот өз құзыретінің аясында республикамыздың бірыңғай инвестициялық саясатын іске асыру жөнінде жүйелі шараларды қабылдауда, қолданыстағы заңнама негізінде бизнестің мүддесін сотта лайықты қорғауды жүзеге асыруда, мамандандырылған экономикалық соттарда қаралатын істердің сапасын барынша арттыруға басымдық беріп отыр. Жоғарғы Сотта ірі инвесторлардың қатысуымен азаматтық істерді қарайтын мамандандырылған сот алқасын құру мәселесі пысықталуда, судьялар төрелік сот туралы заң жобасын әзірлеуге белсенді түрде қатысуда.  

Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша Жоғарғы Соттың азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі қадағалаушы сот алқасының төрағасы Еліс Әбдіқадыров сөз сөйлеп, соттардың азаматтық-құқықтық дауларды шешуінің қазіргі жай-күйін баяндады. 

Кеңесте Жоғарғы Сот жанындағы Департамент басшысы Ілияс Испанов заманауи ақпараттық технологияларды сот жүйесіне енгізуде атқарылып жатқан жұмыстар туралы хабардар етті.

Сот жүйесіндегі кадр саясатының негізгі бағыттарын іске асыру шараларымен Жоғарғы Сот Департаменті Персоналды басқару бөлімінің меңгерушісі Алина Рахымбекова таныстырды.    

Селекторлық кеңесті қорытындылай келе, Қайрат Мәми судьялар корпусының алдына жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін сотта қорғау сапасын жақсартудың жүйелі шараларын іске асыру жөнінде бірқатар міндеттер қойды.

 

Источник: 
ҚР Жоғарғы Сотының баспасөз қызметі