Жоғарғы Сот Төрағасы Қайрат Мәми өңірлермен селекторлық кеңес өткізді

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Бүгін Жоғарғы Сот Төрағасы Қайрат Мәми өңірлермен селекторлық кеңес өткізді. Бейнебайланыс арқылы өткен іс-шараға Жоғарғы Соттың қадағалаушы сот алқаларының төрағалары мен судьялары, облыстық соттардың төрағалары мен судьялары, Жоғарғы Сот жанындағы Департаменттің және жергілікті соттар кеңселерінің басшылары қатысты.

Кеңесте сот жүйесі жұмысының бірқатар тәжірибелік мәселелері қаралды.

Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе Қазақ хандығының 550 жылдығын мерекелеуге орай өткізілетін өңірлік конференцияларға әзірлік барысына арналды.

Қ.Мәми конференция ұйымдастырушыларының назарын Қазақ хандығының құрылу кезеңіндегі құқықтық жүйе мен билер сотының  қалыптасу мәселелерін, сондай-ақ халықтың және елдің мүддесін қорғаудағы билердің рөлін тереңірек талқылау қажеттілігіне аударды. Осы мәселе бойынша Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Ақмола, Шығыс Қазақстан облыстық соттары мен Алматы қаласы соты төрағаларының баяндамалары тыңдалды.

Кеңесте қаралған екінші мәселе Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын өткізу кезеңіндегі соттардың жұмысына арналды. «Өткізілетін іс-шараның әлеуметтік және саяси маңыздылығын ескере отырып, сайлау кезеңінде азаматтардың өтініштері мен арыздарын қарауда, материалдық және процестік құқық нормаларына сәйкес заңды әрі негізделген шешімдер шығаруды қамтамасыз етуде өте мұқият болуларыңызды сұраймын», - деді Қ.Мәми.

Сонымен қатар, ол «Сайлау заңнамасының бұзылуы туралы соттарға келіп түсетін арыз бес күн мерзімде, ал дауыс беру күнінен бес күн бұрын және дауыс беру күнi түскен арыз дереу қаралуға тиіс» екендігін еске салып өтті.

Одан әрі селекторлық кеңесте Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы мен Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығын мерекелеуге арналған іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу мәселелері қаралды. «Мемлекет басшысының көреген және салиқалы саясатының арқасында қазақстандық судьялар қауымдастығында этносаралық және конфессияаралық шиеленістерге жол бермейтін айрықша толерантты әлеуметтік-мәдени орта қалыптасты, бұған сот жүйесінде жұмыс істейтін 28 этностың өкілдері дәлел болып табылады», - деп атап өтті Қ.Мәми.

Кеңес барысында жергілікті соттардың төрағалары аталған мерейтойлық даталарды мерекелеуге әзірлік барысы туралы баяндады. Атап айтқанда, қазіргі таңда соттар Ұлы Отан соғысының, тыл еңбеккерлерінің және сот жүйесінің ардагерлері үшін түрлі мерекелік іс-шаралар өткізуде, сондай-ақ «Ардағым – ардагерім» атты қайырымдылық акциясы іске асырылуда.

Бұған қоса, Қ.Мәми Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, сот жүйесінің қызметкерлеріне қаржылық және атаулы әлеуметтік көмек көрсету мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.

Жоғарғы Сот Төрағасы жергілікті жерлерде өтуі көзделген барлық іс-шараларды жоғары ұйымдастырушылық деңгейде және салтанатты жағдайда ұйымдастыруы қажеттігіне тоқталды.

Бүгінгі таңда республика соттары ағымдағы жылдың алғашқы тоқсанының есептік кезеңінде қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнамалардың жаңартылуы жағдайында жұмыс істеді. Аталған заңдардың тұжырымдамалық жаңа редакциялары азаматтардың конституциялық құқықтарын неғұрлым тиімді қорғаумен байланысты. Бұл жұмыстың алғашқы нәтижелері де жоқ емес, белгілі бір сот тәжірибесі қалыптасты, түйткілді мәселелер айқындалды. Соттардың кодекстерді қолдануымен байланысты, соның ішінде тергеу судьяларының жұмысы туралы Жоғарғы Соттың қылмыстық істер жөніндегі қадағалаушы сот алқасының төрағасы А.Рахметулин мәлімдеді.

Селекторлық кеңесте «Төрелік» жүйесіндегі Іс санаттарының бірыңғай жіктегішін қалыптастырудың барысы талқыланды. Аталған мәселе бойынша Жоғарғы Сот жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің басшысы І.Испанов баяндады.

Селекторлық кеңесті қорытындылай келе, Қ.Мәми сот корпусының алдына азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін сотта қорғаудың сапасын арттыру бағытындағы жүйелі шараларды іске асыру бойынша бірқатар тапсырмалар берді.

Қайнар: 
Жоғары Соттың Баспасөз қызметі