Жоғарғы Сот МАӘС базасында түнгі соттарды құру мүмкіндігін зерделеуде

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

«Түнгі соттарды» құрудағы негізгі идея – сотта қорғалу құқығын ыңғайлы іске асыру және әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша іс жүргізу рәсімдерін жеңілдету. Іске қатысушылар тараптардың жауаптылығына және зиянды өтеуге байланысты барлық мәселелерді қысқа уақыт ішінде шешу мүмкіндігіне ие болады. Бұған қоса, сот дауын тараптардың жұмыс кестесінен бөлек, кешкі уақытта (18.30-дан бастап 22.00-ге дейін) шешу арқылы олардың уақыты үнемделеді.

Қазақстанда осы соттарды құру мәселелері Астана және Алматы қалаларында өткен жұмыс кеңестерінің шеңберінде талқыланды. Іс-шараларға Жоғарғы Сот судьясы Ұ.Сүлейменова, жергілікті соттардың судьялары, прокуратура, ІІМ, адвокатура, сақтандыру компанияларының өкілдері мен сарапшылар қатысты. Кеңеске қатысушылардың ортақ пікірі бойынша, аталған соттарды құру өзекті әрі қажет бастама. Осы мәселе бойынша талқылауларды Ақтөбе және Шығыс Қазақстан облыстарының соттарында да өткізу жоспарланып отыр.

Аталған жоба шеңберінде жол қозғалыстары саласындағы құқық бұзушылықтарды қарастыру көзделуде. Талқылауларға қатысқан жекелеген мамандар түнгі соттарда көші-қон заңнамасына, қоғамдық тәртіпке, ар-ожданға, сондай-ақ адам құқығына құл сұғуға қатысты құқық бұзушылықтарды да қарауды ұсынып отыр.

Жалпы алғанда, Астана және Алматы қалаларда өткен талқылаулардың қорытындысы бойынша бірқатар ұсынымдар әзірленді. Оларға сәйкес «түнгі соттарда» істерді қараудың маңызды факторлары мен негіздемелеріне мыналар жатады:

- орын алған құқық бұзушылықтың мән-жайларын дауламау;

- жасалған құқық бұзушылық үшін өз кінәсін мойындау;

- келтірілген залал мөлшерімен келісу;

- екі тараптың істі «түнгі сотта» дереу қарау туралы өтінішхаттарының болуы;

- хаттамаларды толтыру рәсімдерін жеңілдету, дәлелдерді тіркеу және электронды планшет арқылы құқық бұзушының ЖСН нөмірі арқылы деректерді жинау;

- қысқартылған сот ісін жүргізу тәртібін қолдану.

Жалпы алғанда, «түнгі соттарды» құру идеясы ағымдағы жылғы ақпанда Жоғарғы Сот делегациясының Сингапурға сапарынан кейін пайда болды. Сапар барысында делегация мүшелері аптасына бірнеше рет жол-көлік оқиғасына қатысты кейінгі шегеруге болмайтын істерді қарайтын түнгі (кешкі) соттардың жұмысымен танысты.

 

 «Түнгі сот» жобасынын қосымша материалдармен осы жерде танысуға болады.

Қайнар: 
Жоғарғы Соттың баспасөз қызметі