Жоғарғы Сот Департаменті 100 нақты қадамнан тұратын «Ұлт Жоспарын» іске асыруға зор көңіл бөлуде

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Бүгін Жоғарғы Сотта өткен жұмыс кеңесінде Жоғарғы Сот жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің қызметі талқыланды.

Осы кеңес шеңберінде Мемлекет басшысы ұсынған 100 нақты қадамнан тұратын «Ұлт Жоспарын» іске асыруға зор көңіл бөлінді. Заң үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадамдардың бірі барлық сот процестеріне аудиобейнетіркеу жүйесін енгізу болып табылады.

Қазіргі таңда Департамент барлық сот процестеріне аудиобейнетіркеу (бұдан әрі – АБТ) жүйесін енгізу бойынша тиісті жұмысты жүргізуде. 550 сот залы аталған жүйемен жарақтандырылды және 176 зал бағдарламалық қамту бойынша жаңғыртылды. АБТ-ның жаңа жүйесімен сот залдарының жарақтандырылуы республика бойынша 55 пайызды құрайды. Осы орайда, Астана және Алматы қалаларының 100 пайызға жарақтандырылғанын атап өткен жөн.

Сонымен қатар, ағымдағы жылы қосымша сатып алу және орнату арқылы жергілікті соттардың сот отырыстары залдарының АБТ-ның жаңа жүйесімен жарақтандырылу үлесін 70 пайыздан кем емес деңгейге жеткізу жоспарланып отыр.

Осы ретте орнатылуы жоспарланып отырған және қазіргі таңда қолданылып жатқан АБТ жүйесі мәліметтерді сақтаудың орталықтандырылған жүйесіне ие, сот органдарының «Бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық-анықтамалық жүйесімен» және «Сот кабинеті» онлайн-сервисімен біріктірілген.

Электронды сот өндірісін жаңғырту шеңберінде Департамент онлайн-сервистерді жетілдіру жұмысын жүргізуде. Олардың қатарында «Сот кабинеті» сервисі бар. Аталған сервис сот органдарының онлайн-сервистері мен қызметтеріне «бір терезе» қағидаты бойынша қол жеткізуге мүмкіндік береді.

2015 жылдың алғашқы тоқсанында аталған қызмет арқылы 56 778 құжат электронды түрде берілген, соның ішінде 55 715 талап арыз, 97 өтініш (қадағалау түріндегі өтінішхат), 966 арыз бен өтініш (739 апелляциялық, 227 кассациялық) бар.

«Сот құжаттарымен танысу» сервисі бойынша сот істеріне қатысты мәліметтерге қол жеткізуге кететін уақыт айтарлықтай қысқарды. Аталған қызмет азаматқа электронды сот құжаттарын қарауға мүмкіндік береді. Осылайша, оның сот құжаттарын алу үшін сотқа баруының қажеттілігі жоқ. Қазіргі таңда сот органдарының Интернет-ресурстары арқылы осы сервис 175 мыңнан астам рет қолданылған.   

 Сонымен қатар, сот органдарының ресми сайтында «Тыңдалатын істер тізімі» сервисі сәтті жұмыс істеуде. Бұл сервис арқылы қаралатын істің нөмірін, іс бойынша тараптарды, сот залының нөмірін, сот отырысының күні мен уақытын білуге болады.

Департамент сыртқы жүйелермен және мемлекеттік органдардың міліметтер базасымен біріктірілген бірыңғай ақпараттық жүйені құру жұмысын жүргізуде. Осы мақсатта сот органдарының «ТӨРЕЛІК» деп аталатын ақпараттық-талдамалық жүйесі енгізілді. Аталған жүйе 2014 жылы әлемдегі озық тәжірибе негізінде жасалды. Жүйе ақпараттық деректермен алмасуға жедел қолжетімділікті және жоғары сенімділікті қамтамасыз етеді және автоматтандырылған есеп пен процессуалдық мерзімдердің сақталуына бақылау жасау,  статистикалық және талдамалық есептерді қалыптастыру, іс қағаздарын жүргізу мен сот ісін жүргізуді жеңілдету секілді міндеттерді шешеді.  

 Ақпараттық өзара іс-қимыл деңгейін арттыру, жұмыс тиімділігін арттыру, хат-хабарларды адресатқа уақытылы жеткізу және жөнелтілген хат-хабарлардың қозғалысы туралы ақпарат алу нәтижесінде эксплуатциялық шығындарды азайту мақсатында сот органдары мен «Қазпочта» АҚ-ның  ақпараттық жүйелерінің электронды түрдегі интеграциясы қолға алынды.  

 «Қазпочта» АҚ-мен бірлесіп «Гибридті электронды почта» жобасы әзірленіп, іске асырылуда. Осы ретте сот органдарының жүйесі арқылы шақырту қағаздары мен хабарламалар ҚР СО БААТЖ интеграциялық модулі арқылы электронды түрде жолданады, қағазға шығарылып, «Қазпочта» АҚ-да почталық конвертке салынып, жолданады, ақырғы алушы жеті күндік мерзім аралығында тиісті хабарламаға ие болады. 2015 жылдың бірінші тоқсанында барлық соттар осы сервис арқылы 76 131 электронды шақыртулар/хабарламалар жөнелткен және олардың 99,3 пайызы ақырғы алушыға жеткен. 

Бұдан әрі кеңестің күн тәртібінде 2015 жылы соттарды материалдық-техникалық жарақтандыруға қатысты мәселе қаралды. І.Испанов ағымдағы жылға бөлінген бюджеттік қаражат шеңберінде Департамент еліміздегі сот төрелігін жүзеге асыруға қажетті жағдайларды жасау бойынша жоспарлы жұмыс жүргізіп жатқандығын атап өтті.

Айталық, ғимараттардың жағымды, эстетикалық түрде сақталуын қамтамасыз ету мақсатында Ақмола, Қостанай, Қарағанды, Алматы, Павлодар, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстары мен Астана және Алматы қалаларының соттарына ағымдық жөндеу жұмыстары жүргізілді.  

Департамент жергілікті соттар ғимараттарын әкімшіліктендіру жұмыстарын жүргізді, атап айтқанда, әрбір сот ғимаратына мемлекеттік рәміздер, маңдайшалар мен паспорттар орнатылды. Соттардың фойесінде азаматтарға арналған арнайы телефон және көшірме аппараттары қойылды, азаматтарды қабылдау кестелері жаңартылды.  

Ағымдағы жылғы сәуірден бастап қызметтік көліктерге GPS мониторинг жүйесі (409 дана) орнатылды, қосымша 20 маусымға дейін тағы да 98-і орнатылатын болады. Алдын-ала мәліметтер бойынша, осы құрылғыны енгізу жанар-жағармайға кететін шығынды азайтуға және автокөліктердің мақсатты пайдаланылуын қадағалауға мүмкіндік берді.   

Кеңес қорытындысы бойынша І.Испанов республика соттарының қызметін қамтамасыз ету және дамыту бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Қайнар: 
ҚР Жоғарғы Сотының баспасөз қызметі