«Сот төрелігін қашықтан жүзеге асыру» баспасөз парағы

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңдегі Құқықтық саясат тұжырымдамасында сот қызметін жетілдірудің басым бағыттарының бірі сот жүйесінің ашықтығы мен айқындылығының деңгейін арттыру болып табылады.

Сот жүйесі қызметіне заманауи ақпараттық технологияларды енгізу – халықтың сот қызметіне барынша қолжеткізуін қамтамасыз ету үшін негізгі міндеттердің бірі.  

Осындай бағыттардың бірі бейнеконференция байланысы арқылы сот отырыстарын қашықтан өткізу мүмкіндігімен сот отырыстары залдарын аудио-бейне тіркеу жүйелерімен жабдықтау болып табылады.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің тергеу изоляторлары мен түзеу мекемелерімен сотталғандардың, айыпталушылардың және күдіктілердің өтініші бойынша сот отырыстарын қашықтан өткізу үшін бейнеконференция байланысы жүйелерін енгізу жөніндегі бірлескен жұмысты жүргізуде.  

Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексіне сәйкес тергеу судьясына сот отырысын бейнебайланыс режимінде өткізу құқығы беріледі (ҚПК 56, 98, 106-баптары).

Сонымен қатар, ҚПК 504-бабы «күзетпен ұсталып отырған сотталған адамның сот талқылауына қатысуы бейнебайланыс режимінде ғылыми-техникалық құралдар қолданыла отырып қамтамасыз етілуі мүмкін» деп тікелей қарастырады.

Қылмыстық сот ісін жүргізу облысына ақпараттық технологияларды енгізу, оның ішінде бейнеконференция байланысын қолдану қылмыстық істер бойынша іс жүргізу нәтижелілігін және сапасын арттыру, процестік мерзімдерді сақтау, қылмыстық процесс қатысушыларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және сотталғандарды этаптау кезіндегі басқа да қатерлерді жою мақсатын көздейді, бюджет шығындарын азайтады.

Сонымен бірге сот отырысын аудио-, бейне тіркеу техникалық құралдарын, бейнеконференция байланысын қолдану:

−         сот төрелігінің ашықтығы мен айқандылығының деңгейін арттырады;

−         соттар жұмысын оңтайландырады;

−         бюджет қаражатын және сот ісіне қатысушылардың қаражатын үнемдейді;

−         сот отырысы хаттамасының сапасын арттырады.

Бүгінгі күні республика соттарында қылмыстық та, азаматтық істер бойынша да сот отырыстары барлық жерде бейнеконференция байланысы арқылы өткізіліп жатыр.

Осындай мысалдардың бірі – Павлодар қаласының АП - 162/4 түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан сотталған Т.-ның Жоғарғы Сотқа жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша іс жүргізуді қайта бастау туралы өтінішпен жүгінуі.

Жоғарғы Соттың судьясы 2015 жылғы 27 сәуірде сағат 10-00-де Жоғарғы Соттың ғимаратында қаралған бейнеконференция байланысы арқылы бақылау инстанциясының сот отырысына қатысу үшін Павлодар облыстық сотының ғимаратына сотталған Т.-ны этаптау туралы қаулы шығарды.

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі тарапынан түзеу мекемелерін бейнеконференция байланысы жүйелерімен қамтамасыз ету бойынша қолданылатын шаралар істерді қарау уақтылығын қамтамасыз ету, сотталушыларды, сотталғандарды этаптау қажеттілігін жою мүмкіндігін береді, бұл өз кезегінде қаражатты үнемдеуге жағдай туғызады. 

Жоғарыда сипатталған техникалық құралдарды қолданумен сот ісін жүргізу процесі абсолютті айқын болады, осы жүйені толығымен енгізу қандай да бір процессуалдық бұзушылықтардың болу мүмкіндігін азайтады.

Жоспарланған сот органдарының Интернет-ресурстарында орналастырылған істерді қарау тізімімен аудио-, бейне тіркеу жүйесін біріктіру сот отырыстарының нақты басталу уақытын қадағалауға және олқылықтарды болдырмау бойынша шаралар қолдануға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар сот қарауының әрбір қатысушысы Сот кабинетіне кіріп, процестің аудио-, бейне материалдарымен таныса алады.

Біздің барлық күш салуымыздың соңғы мақсаты – бұл барлығына мобильді, айқын, қолжетімді және заңның ұлықтылығына негізделген, уақыт талабына сай сот төрелігін жасау.

 

Источник: 
ҚР Жоғары Соттың Баспасөз қызметі