Оңтүстік Қазақстан облыстық сотында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ұйымдастыруымен семинар өтті

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Бүгін Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының Оқу орталығында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ұйымдастыруымен «Салық, кеден органдарының іс-әрекеттеріне шағымдану. Мемлекеттік органдарға қатысты дауларды сотқа дейін реттеу» тақырыбында аймақтық семинар өтті.

Семинар жұмысына Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьялары Айгүл Сапарова, Жаңылсын Архарова, Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстық және Алматы қалалық соттарының судьялары, жергілікті соттардың төрағалары мен судьялары, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті мен департаменттерінің, прокуратура органдарының,  облыстық адвокаттар алқасының, коммерциялық және басқа ұйымдардың өкілдері, судья лауазымына үміткерлер және БАҚ өкілдері қатысты.

Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы Нұрсерік Шәріпов өзінің кіріспе сөзінде салық және кеден заңнамаларының дұрыс әрі біркелкі қолданылуы қоғамдағы даулы жағдайлардың өрбу серпіні уәкілетті органдардың беделіне ғана емес, сонымен қатар, тікелей мемлекет мүддесі мен қаржы саясатына ықпал ететіндіктен, семинарда көтеріліп жатқан мәселелердің өте маңызды екендігін атап өтті.

Семинар барысында салық дауларын сотқа дейін реттеу, салық төлеушінің салық заңнамасын бұзғандығы туралы салық органдарының хабарламаларына шағымдану бойынша азаматтық істерді қарау практикасы, салық органдарының іс-әрекеттеріне шағымдану, жалған кәсіпорындардың жасаған мәмілелерінің жарамдылық мәселелері, кеден заңнамасына қатысты азаматтық істерді қарау практикасы, кеден органдарының іс-әрекеттеріне шағымдануға және  мемлекеттік органдарына қатысты дауларды сотқа дейін реттеуге байланысты өзекті мәселелер талқыланды.

Талқылау нәтижесі бойынша семинарға қатысушылар тарапынан тиісті ұсынымдар қабылданды.

Семинардың екінші бөлігінде Қазақстан Республикасының жаңа Азаматтық процестік кодексінің жобасы талқыланды.

Талқылау барысында семинарға қатысушылар жаңа Кодекс жобасы бойынша ой-пікірлерімен бөлісіп, аталған заң жобасына енгізілген ұсыныстар қазіргі заман талаптарына сай келеді деген тоқтамға келді.

Жаңа заңның басты бағдары соттардың ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз етуге және істерді қысқа мерзімде қарау мақсатында сот іс жүргізуін жеңілдетуге бағытталғандығы аталып өтті.

Талқылау қорытындысы бойынша судьялар кейбір жаңа заң нормаларының сот тәжірибесінде қолдану тетіктеріне қатысты өзара  пікір алмасты. 

Источник: 
Жоғары Соттың Баспасөз қызметі
Теги: