Мәжіліс депутаты С.Бычкова: «Егер судья сапалы жұмыс істесе, істің қаралу мерзімі мен тәртібін сақтаса, оның әрекетіне шағым түспесе, оған тағылар мін жоқ»

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Қостанай облыстық сотында судьялар Парламент Мәжілісінің депутаты, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің хатшысы Светлана Бычковамен кездесті.

Кездесуде Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты халыққа арнаған Жолдауы талқыланды.  

Жолдауды кеңінен тарқатып айтқан С.Бычкова соңғы бес басымдыққа тоқталып, білім, денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету салаларындағы жаңғырудың мәнін аша түсті. Заңнамаларға өзгерістер енгізілу мүмкіндініг айтып өткен депутат Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстерге енгізілетін өзгерістерге тоқталып өтті. Оның мәлімдеуінше, сот үкімімен тағайындалатын айыппұлдарға қатысты сауалдар көп. Басым жағдайда сотталушылардың қомақты айыппұлды төлейтін мүмкіндіктері жоқ. Осыған орай, заңға арнайы түзетулер енгізілетін болады.

Кездесу барысында С.Бычкова судьялардың мәртебесіне, оларды зейнетақылық қамтамасыз ету, сот практикасында медиацияны қолдану турасындағы сауалдарға жауап берді. Сонымен қатар, судьялар тарапынан айтылған ұсыныстарды тыңдады. Мәселен, судьялар бала кезінен мүгедек болған жандарға және оларға күтім көрсетіп отырған аналарға (қорғаушыларына) бала кәмелетке толғаннан кейін де жәрдемақы төлеп, баласына күтім көрсеткен жылдарын еңбек өтілі ретінде есептеу мәселесін заң тұрғысынан шешуді ұсынды.

Судьялық лауазымға үміткерлерді іріктеу тәртібінің күшейтілгендігі,  судьяларды аттестациялау жайы талқыланды. Бұл тұрғыда депутат: «Егер судья сапалы жұмыс істесе, істің қаралу мерзімі мен тәртібін сақтаса, оның әрекетіне шағым түспесе, оған тағылар мін жоқ» ,- деді.

Кездесу соңында сот төрағасы С.Бычковаға кездесуге келгені үшін алғысын білдірді.

Қайнар: 
Қостанай облыстық сотының баспасөз қызметі