Қазақстанның Жоғарғы Соты мен Жоғары Сот Кеңесінің өкілдері Еуропалық Одаққа жұмыс сапарымен барды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

2017 жылғы 27-28 маусымда қазақстандық делегация Еуропалық Кеңестің Хатшылығында консультациялар өткізу мақсатында Страсбург қаласында (Франция) жұмыс сапарымен болды.

Делегация құрамында Жоғарғы Сот жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің басшысы Нұрсерік Шәріпов, оның орынбасары Әсия Қасенова, Департаменттің Халықаралық байланыстар және протокол бөлімінің меңгерушісі Гүлнәр Қуанова, Жоғары Сот Кеңесінің аппарат басшысы мен мүшесі Әнуар Сабыров пен Ардақ Балағұмарова бар.

Сапар Еуропалық Одақ пен Еуропалық Кеңестің «Қазақстандағы сот төрелігі жүйесінің сапасы мен тиімділігін жақсарту бойынша қазақстандық билікті қолдау» бағдарламасының шеңберінде ұйымдастырылды.

Сапар шеңберінде Еуропа Кеңесінің сарапшыларымен бірқатар кездесулер өтті. Еуропа Кеңесінің сот төрелігі және судьялардың тәуелсіздігі саласындағы Еуропа Кеңесі Венециялық комиссиясы стандарттарының шолулары таныстырылды. Делегация Еуропа Кеңесінің сот төрелігі саласындағы үкіметаралық комитеттері – Судьялардың еуропалық консультативтік кеңесі (CCJE) мен Сот төрелігінің тиімділігі жөніндегі Еуропалық комиссияның (CEPEJ) жұмысын зерделеді, сондай-ақ Қазақстанның осы құрылымдарға қосылу мүмкіндігі туралы консультациялар алды.   

Қазақстандықтар үшін Адам құқықтары жөніндегі Еуропалық соттың жұмысы, сондай-ақ, аталған сот шешімдерінің «HUDOC» атты деректер базасы таныстырылды. 

Барлық кездесулердің барысында тараптар Қазақстан мен Еуропалық Кеңестің тиісті құрылымдары арасындағы ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндігі туралы пікір алмасты.  

 

 Анықтама:

Сот төрелігінің тиімділігі жөніндегі Еуропалық комиссияны (CEPEJ) 2002 жылғы қыркүйекте Еуропа Кеңесінің Министрлер комитеті құрған. Оның ең басты міндеті нақты шешімдер әзірлеу, Еуропа Кеңесіне мүше мемлекеттердің сот төрелігі жүйесін дамыту мен тиімділігін арттыру.

CEPEJ құрамына Еуропа Кеңесіне мүше 47 мемлекеттің білікті мамандары кіреді, олар сот жүйелерінің тиімділігін бағалап, халыққа көрсетілетін қызметтердің тиімділігін арттыру бойынша тәжірибелік құралдар мен шараларды ұсынады.

Аталған міндеттерді орындау мақсатында CEPEJ Еуропа Кеңесіне мүше елдердің сот жүйесін үнемі бағалау әдісін қолдану туралы шешім қабылдады. Сот төрелігінің тиімділігі жөніндегі Еуропалық комиссия (European Commission for the Efficiency of Justice CEPEJ) – қызметі, негізінен, мүше мемлекеттердің сот төрелігі жүйесінің қызмет тиімділігін арттыруға бағытталған Еуропалық Кеңестің консультативтік органы.

Қайнар: 
Жоғарғы Соттың баспасөз қызметі