Екібастұзда сот қызметкерді мемелекеттік қызметке қалпына келтірді

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Ш. Мемлекеттік кірістер басқармасына жұмыста қалпына келтіру және моральдық зиянды өндіру туралы талап арызымен Екібастұз қалалық сотына жүгінді. 

Талапкер өзінің жұмыстан шығуын заңсыз және негізсіз деп санап, өз талабында ол жыл сайынғы еңбек демалысында болған уақытында жарақат алып, ауруханаға түскенін түсіндірді. Емді амбулаториялық қабылдаған, ол оның медициналық құжаттарымен дәлелденеді. Ол өзінің еңбекке жарамсыздығы туралы бөлім басшысына хабарлап, еңбекке жарамсыздық парағын тапсырған. Ауруханалық демалыстан шыққаннан кейін Ш.-дан түсініктеме талап етіп, жұмыста себепсіз жағдаймен болмауына байланысты жұмыстан шығару туралы бұйрықпен таныстырылды.

Іс материалдары бойынша талапкер бір жұмыс күн ішінде  үш және одан да көп сағаттан астам жұмыста болмауына байланысты жұмыстан шығарылғаны анықталған. Осыған бола тұра «Мемлекеттік қызметті атқарудағы кейбір мәселелер туралы», Еңбек кодексі, сондай-ақ «Мемлекеттік қызмет туралы» Президент Жарлығының талаптары сақталмаған.

Еңбек кодексінің 143-бабына сәйкес, мемлекеттік қызметшілерінің еңбегі  қызметке кірудің, оны өткеру мен тоқтатудың ерекше шарттары мен тәртібін, еңбектің ерекше жағдайларын, еңбекке ақы төлеу жағдайларын, сондай-ақ қосымша жеңілдіктерді, артықшылықтар мен шектеулерді белгілейтін көзделген ерекшеліктермен бірге осы Кодекспен реттеледі. «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңының 44-бабының 10-тармағына сәйкес, тәртіптік жазаны тағайындау тәртібі Қазақстан Республикасы Президентімен анықталады.  

«Мемлекеттік қызмет өткерудің кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының 2 бөлімінің 35-тармақшасына сәйкес, мемлекеттік әкімшілік қызметшi өзiнiң жазбаша түсiнiктемесiнде терiс қылық жасау фактісімен келiспесе, онда уәкілетті адамның бұйрығы бойынша осы Қағидаларда айқындалған тәртiпке сәйкес қызметтiк тергеп-тексеру жүргiзiлуге тиiс.

Сот отырысында жауапкермен тәртіптік жаза тағайындау кезінде заңнама талаптары сақталмаған, қызметтік тексеріс өткізілмегені анықталды.

Сот шешімі бойынша азаматша Ш. жұмыста қалпына келтіріліп, еріксіз жұмыс болмаған уақытына еңбек ақы, сондай-ақ моралдық зиян өндіріліп алынды. Жауапкер атына тәртіптік жаза қолдану кезінде қолданыстағы заңнамадағы жіберілген бұзушылықтар туралы жеке ұйғарым шығарылды.

Сот шешімі заңды күшіне енді.

Қайнар: 
Павлодар облыстық сотының баспасөз қызметі