Батыс Қазақстан облыстық сотының судьялары соғыс ардагерлерін Жеңістің 70 жылдығымен құттықтады

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Батыс Қазақстан облыстық сотының апелляциялық  сот алқасының судьялары «Ардағым – ардагерім» қайырымдылық акциясының шеңберінде Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің үйлеріне барып, оларды Ұлы Жеңістің 70 жылдығы мерекесімен құттықтады.

Батыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы Б.Бегалиев бастаған алқа судьялары Ұлы Отан соғысының ардагері, 1945 жылы Мәскеудегі жеңіс шеруіне қатысқан Иван Степанович Гапичтің үйіне арнайы барып, майдангерді Ұлы Жеңістің 70 жылдығы мерекесімен құттықтады.

Бейбіт өмірде прокуратура органдарында басшылық қызметтер атқарып, зейнеткерлікке шыққан майдангер өзін құттықтауға келген сот өкілдеріне ризашылығын білдіріп, өмір өткелдері туралы естеліктерімен бөлісті.

Иван Степанович Беларуссия, Балтық жағалауы, Польша, Германия майдандарына қатысты. Бүгінде қарт майдангер Астана қаласында өтетін Жеңістің 70 жылдық шеруіне арнайы шақырту алып, сапарға әзірленуде.

Батыс Қазақстан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы М.Нағашыбаев бастаған алқа судьялары ардагер Хамза Ғұмарұлының үйінде болып, Жеңістің 70 жылдығы мерекесімен құттықтап, деніне саулық тілеп, мерекелік сый-құрмет көрсетті. 1942 жылы Кеңес әскерінің қатарына шақырылып, төртінші Украин, бірінші және екінші Балтық, екінші Беларусь майдандарының жорық жолдарынан өткен сарбаз Хамза Ғұмарұлы фашистік Германия тізе бүккеннен кейін де қолынан қаруын тастамай, шығыстағы жапон интервенттерімен болған соғысқа аттанады. Соғыста көрсеткен ерліктері үшін Екінші дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен, «Жауынгерлік ерлігі үшін» және басқа да бірқатар медальдармен марапатталған.

1947 жылы әскерден оралғаннан кейін туған жерде бейбіт еңбекке араласып, Орда ауданының Ноғайбай, Бисен ауылдық кеңесінің төрағасы қызметін атқарып, зейнеткерлікке шықты. Қазір Х.Ғұмарұлы Орал қаласында бала-шағасының ортасында қариялық ғұмырын өткеруде.

Қайнар: 
Батыс Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметі