Батыс Қазақстан облыстық сотында мемлекет басшысы ұсынған бес институционалдық реформаны жүзеге асырудың 100 қадамы талқыланды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Мемлекет басшысының «100 нақты қадам – баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» атты Ұлт жоспары Батыс Қазақстан облыстық сотында талқыланды.

Облыстың судьялар қауымдастығының алдында сөз алған облыстық соттың төрағасы Б. Әметов жаңа тарихи жағдайда дамыған 30 мемлекеттің құрамына кірудің ұлттық жоспары болып табылатын бес институционалдық бағдарламаны жүзеге асыруда соттардың алдында тұрған келелі міндеттерге жан-жақты тоқталды.

«Бұл барлық қазақстандықтарға орасан жауапкершлік жүктейді және осынау бес реформаны жүзеге асыруда судьялар қауымдастығы алдыңғы шепте болуы қажет» деді Б. Әметов өз сөзінде.

Қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы М. Нағашыбаев, Азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Б. Бегалиев, облыстық сот кеңсесінің басшысы Е. Айтпай, облыстық соттың судьялары Е. Боранбаев,  Ғ. Қырықбаев қазіргі заманғы мемлекеттің дамуына ықпал ететін бес институционалдық реформаның негізгі қағидаларына тоқталды.

Талқылау барысында азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігін жеңілдету мақсатында сот жүйесінің сатыларын оңтайландыруды қарастыратын бес сатылы жүйеден үш деңгейлі сот төрелігіне көшуге қатысты «Заң үстемдігін қамтамасыз ету» реформасына ерекше көңіл бөлінді.

Осы орайда, Б. Әметов атап өткендей, «Сот сатыларын оңтайландыру еліміздің судьяларына сот төрелігін атқаруда үлкен жауапкершілік артып, кәсіби деңгейлерін көтеруді және өзін-өзі дайындауды қажет етеді».

Іс-шараны қорытындылау кезінде Елбасының «100 нақты қадамы» атты бағдарламалық құжаты еліміздің әрбір азаматына және Қазақстанның болашағына қатысты екендігіне, әсіресе, сот жүйесінің әрбір қызметкері оны егжей-тегжейлі зерделеу қажеттігіне баса назар аударылды.

Қайнар: 
Батыс Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметі