Атырауда ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшелері жауапкершілікке тартылды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшелеріне қатысты қылмыстық іс қаралды.

Тергеу органдары сотталушыларға (У., К. және Р.) қылмыстық топ құру және Атырау қаласында жеңіл жүрісті қыздардың притонын ұйымдастырып, жеңгетайлықпен айналысу,сондай-ақ қорқытып алушылық және заңсыз бас бостандығын айыру фактілері бойынша айып тағылған.  

Сотта анықталғандай, У. жәбірленушілердің ақша табу тәсілін біле тұра, олардан ақша қорқытып алу мақсатында (пайдакүнемдік мақсатпен) екі адамды қатыстыра отырып, қылмыстық топ құрған. Ол К.-мен бірігіп, жәбірленушілерді қорқытып, қарыз алғаны жөнінде жалған қолхат жаздырып, артынша осы қолхат бойынша олардан ақша жинап отырған. Р.  жәбірленушілерге өзге адамдар ұрынуынан немесе полиция қызметкерлерінен қорғаншылық жасап, өз қызметіне қаражат талап етіп отырған.

Сот үкімімен сотталушылар қылмыстар жасағаны үшін, дәлірек айтқанда, ұйымдасқан топты құрып және оған қатысып, басшылық еткені  үшін, қылмыстық топ болып жасаған қорқытып алушылық үшін кінәлі деп танылды, сонымен қатар, оларға жеке мүліктерін тәркілеу түріндегі қосымша жаза қолданылды.

У.-ға 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы, қалған екі сыбайласына 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. У. мен Р.-дың жаза өтеу орны ретінде қатаң режимдегі, К.-ға жалпы режимдегі түзеу колониялары белгіленді.

Қайнар: 
Атырау облыстық сотының баспасөз қызметі