Астана қаласының ювеналды сот төрағасы Н.Раззақ балалармен өзара іс-қимылға қосқан үлесі үшін БҰҰ «ЮНИСЕФ» Балалар қорының медалімен марапатталды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Астана қаласы Кәмелеттік жасқа толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының  төрағасы Нәзиля Раззақ елордада өткен «Қазақстан – балаға достық мейіріммен» атты конференцияда сөз сөйледі.

Н.Раззақ «Балаларға қатысты қылмыстық сот ісін жүргізу» тақырыбында сөз сөйлеп, онда кәмелеттік жасқа толмағандарға қатысты қазақстандық сот төрелігін жетілдіру бойынша жұмыстардың жалғасып жатқандығын айтып өтті.

Конференция Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның, Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің, БҰҰ ЮНЕСЕФ Балалар қорының және ҚР Бала құқықтары бойынша уәкілдің  қамқорлығымен, Еуропалық Одақ өкілдігінің,  PRI және ҚР Білім және ғылым министрлігінің Балалар құқықтарын қорғау комитетінің қолдауымен өткізілді. Бейнебайланыс арқылы конференция жұмысына республиканың барлық өңірінен мемлекеттік мекемелер мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.

Конференцияға Парламент Мәжілісінің депутаттары, вице-министрлер, кәмелеттік жасқа толмағандар істері бойынша комиссияның төрағалары, ішкі істер және прокуратура, балалардың құқықтарын қорғаумен айналысатын ұйымдар және үкіметтік емес ұйымдар өкілдері қатысты.

 Конференцияны жүргізген Балалар құқықтары бойынша уәкіл Зағипа Балиева «Балалар құқықтары бойынша уәкілет жанындағы тәуелсіз мониторинг тобы» жобасымен таныстырды. Ол балалар құқықтары бойынша уәкілдің 2016 жылғы бала құқығын қорғау  жұмыстарының қорытындысы бойынша есеп берді. Бүгінгі іс-шараның мақсаты балаларды зиян келтіретін ақпараттардан сақтауды қамтамасыз ету, сонымен бірге, заңға қайшы әрекет етіп отырған кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау жүйесін дамыту бойынша ұсыныстар әзірлеу болып табылатындығын тілге  тиек етті.

Іс-шара барысында Н.Раззақ балалармен жұмыс жасауда қосқан үлесі үшін БҰҰ «ЮНИСЕФ» Балалар қорының медалімен марапатталды.

Конференция қатысушылары бейнебайланыс режимінде өңірлердегі әріптестерімен көтерілген мәселелерді ортаға салды.

Қайнар: 
Астана қалалық сотының баспасөз қызметі