Жоғарғы Сот қылмыстық және әкімшілік істер бойынша сот актілерін құрастыру әдістемесін жетілдіруде

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Жоғарғы Сот Төрағасы Жақып Асанов еліміздің жоғары сот органының кезекті жалпы отырысын өткізді.

Оның жұмысына Жоғарғы Соттың судьялары, ғылыми-консультативтік кеңес мүшелері, Конституциялық Кеңестің, Бас прокуратураның, Әділет, Ішкі істер, сондай-ақ «Атамекен» ҰКП және адвокатура.

Күн тәртібіне сәйкес Жоғарғы Соттың бес нормативтік қаулысының жобасы, сондай-ақ жоғары сот органы жалпы отырысының регламентіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесі қаралды. Жалпы отырыстың неғұрлым маңызды нормативтік қаулыларды талқылау бөлігі Интернетте онлайн режимде көрсетілді. 

Жоғарғы Сот судьясы Ербол Рахымбеков «Сот үкімі туралы» нормативтік қаулының жобасын таныстыра келе, оны әзірлеу қылмыстық-процестік заңнамада көзделген үкімнің пішіні мен мазмұнына қойылатын талаптарды судьялардың бұлжытпай сақтау қажеттігінен туындап отырғандығын атап өтті. Үкімдердің барлық түрлерінің құрылымын қайта қарап, шұбалаңқылықтан бас тартып, оларды қысқа әрі нұсқа дайындау тәртібі ұсынылды. «Үкімдерде іске тікелей қатысы бар оқиғаларды ғана көрсету қажет. Көп эпизодты істерде оқиғалардың хронологиясын сақтап, эпизодтардың арасын цифрлық белгілермен бөлу керек. Үкімнің сипаттамалық және уәждемелік бөліктерін бөліп, соңғысының сапасын арттыру қажет», - деді ол.

Нормативтік қаулыда сот отырысында үкім жарияланғаннан кейін оның мәнін түсіндіруге соттың міндетті екендігі туралы толықтыру енгізілді.

Жоғарғы Сот судьясы Гүлжан Әлмағамбетова «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша сот қаулысы туралы» нормативтік қаулысының жобасын таныстыра келе, осы қаулының алғаш рет қабылданғалы отырғандығын айтты. Аталған қаулыны қабылдау әкімшілік істер бойынша қаулыларды шығарудың біркелкі сот практикасын қамтамасыз ету қажеттігінен туындап отыр. Нормативтік қаулы соттар мен мемлекеттік органдар үшін қаулыларды әзірлеудегі белгілі-бір «ереже» болмақ. Қаулы тілдік сауаттылық тұрғысынан мінсіз болуы және құқықтық нормаларды сақтай отырып шығарылуы тиістігі көрсетілді.

Г.Әлмағамбетова «Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты жалпы отырысының регламентіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» мәселе бойынша да сөз сөйледі. Түзетулер енгізуге заңнаманың қарқынды жаңаруы негіз болған. Регламентке сәйкес нормативтік қаулыға нормалардың мазмұнына қатысты емес редакциялық түзетулер енгізу қажет болған жағдайда нормативтік қаулыға өзгерістер енгізудің жеңілдетілген рәсімін қарастыру ұсынылды. Кадрлық мәселелерді қарастыру барысында Жоғарғы Соттың жалпы отырысының уәжделген қорытындысын шығару қарастырылып отыр. Облыстық сот судьясына кандидаттың облыстық соттың жалпы отырысының қорытындысына қатысты шағымын қарастыру рәсімі регламенттелді.

Жоғарғы Сот судьясы Валерий Ноздриннің айтуынша, «Заңдық маңызы бар фактілерді анықтау туралы істер бойынша сот практикасы туралы» нормативтік қаулының жобасы осы санаттағы істерді қарау барысында судьяларға көмек көрсетуге бағытталған. Айталық, нормативтік қаулыда заңдық маңызы бар фактіні соттан тыс тәртіпте анықтаудың дауды сотқа дейін шешу тәртібінен айырмашылықтары көрсетілген. Заңды фактіні соттан тыс тәртіпте анықтау ұғымына түсіндірме берілген. Сот анықтауы мүмкін фактілердің тізбесі (еңбек өтілін есептеу үшін белгілі бір кәсіпорында немесе жекелеген адамға жұмыс істеу, нақты бір әйелдің бала тууы, оралмандардың туу фактісін тіркеу) кеңейтілді.

Жоғарғы Соттың судьясы Рәзия Қуанышбаева «Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының кейбір нормативтік қаулыларына азаматтық және азаматтық процестік заңнама бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» нормативтік қаулы жобасын әзірлеуге Азаматтық процестік кодекске, «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодекске, «Прокуратура туралы» заңға енгізілген түзетулер мен Салық кодексінің қабылдануы негіз болғандығын атап өтті. Түзетулер редакциялық сипатқа ие, қолданыстағы нормативтік қаулылар мен заңнама арасындағы қайшылықтар мен әркелкі түсініктерді жоюға бағытталған.

Жоғарғы Соттың судьясы Роза Жакудина «Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының кейбір нормативтік қаулыларына қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнама бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» мәселе бойынша сөз сөйледі. Ол талқылауға ұсынылып отырған нормативтік қаулылардың жобаларын қабылдауға қолданыстағы заңнамаға енгізілген өзгерістердің негіз болғандығын атап өтті. Түзетулер негізінен редакциялық сипатта және олар ҚК мен ҚПК ережелеріне сәйкес болып отыр. Дей тұрғанмен, қылмыстық істердің жекелеген санаттарын қарау барысындағы біркелкі сот практикасын қалыптастыруға бағытталған мазмұндық сипаттағы түзетулер де көзделген.

Жалпы отырысқа қатысушылар нормативтік қаулылардың жобаларын талқылай келе, жекелеген нормативтік қаулылар бойынша редакциялық комиссиялар құрылды.

Источник: 
Жоғарғы Соттың баспасөз қызметі