Жоғарғы Сот даулы қызметтік тұрғын үйді әскери бөлім қызметкерінің жесіріне қалдырды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Ұлттық гвардияның әскери бөлімінің бірі әскери сотқа жауапкер С.-ға қатысты қызметтік тұрғын үйді жалға беру келісім шартын бұзылды деп танып, Алматы облысындағы пәтерден басқа тұрғынжай бермей шығару туралы талап арызбен жүгінген.

Талап қоюшы өз талаптарын өзі және С.-ның арасында жасақталған тұрғын үйді жалға беру келісім шартының мерзімі өтуімен, сонымен қатар, жауапкердің әскери бөліммен еңбек қатынастарында тұрмағанымен, пәтерде заңсыз негізде тұрып жатқанымен, пәтердің жабық әскери қалашықта орналасқанымен негіздеген.

Алматы гарнизонының әскери соты әскери бөлімнің талабын қанағаттандырудан бас тартты. Апелляциялық саты аталған сот шешімін өзгертіп, С.-ны басқа тұрғынжай бермей қызметтік тұрғын үйден шығару жөнінде қаулы қабылдады. Бұнымен келіспеген С. Жоғарғы Сотқа жүгініп, апелляциялық саты сотының қаулысының күшін жойып, әскери соттың шешімін күшінде қалдыруды сұрады.

Жоғарғы Соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасы істі қарау барысында аталған даулы пәтердің Қазақстан Ресубликасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңының қолданысқа енгізілуіне дейін, демек, 1989 жылы әскери бөлімде жұмысшы болып қызмет еткен С.-ның жолдасына берілгенін анықтады. Жолдасының қазасынан кейін С. оның өзімен жалға беру келісім шарты жасақталған көлемі кішірек пәтерге көшірілген. Және де, мемлекеттік мекемеде 30 жылдан астам қызмет еткенін айтқан.

  Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңының 111 және 120 баптарына сәйкес, аталған заң қолданысқа енгізілгенге дейін қызметтік тұрғын жай берілген кәсіпорын немесе мекемеде 10 жылдан төмен қызмет етпеген, қызметтік тұрғын үй берілген қайтыс болған адамның отбасы мүшелері басқа тұруға жарамды тұрғын жай берілу құқығынсыз қызметтік тұрғын үйден шығарыла алмайды, үйден шығару туралы талап еңбек қатынастары тоқтатылған күннен бастап 3 жыл ішінде берілуі мүмкін.

Апелляциялық алқа әскери соттың шешімін өзгерте отырып, соттың еңбек қатынастарына байланысты жауапкерге қызметтік тұрғын үй беру туралы уәждері іс құжаттарына сәйкес келмейтінін көрсетті. Жесір әйел әскери бөлімнің әскери қызметшісі болып табылмайды, онымен еңбек қатынастарында тұрмаған, ал әскери бөлім мен жауапкердің арасында жасақталған қызметтік тұрғын үйді жалға беру келісім шартының мерзімі 2012 жылдың 31 желтоқсанында өтіп кеткен.

Алайда, Жоғарғы Соттың сот алқасы өз қаулысында көрсеткендей, апелляциялық саты соты даулы тұрғын үйдің жауапкердің жолдасына оның қайтыс болуымен байланысты тоқтатылған еңбек қатынастарына негізделіп берілгенін ескермеген.

Осыған байланысты, жауапкердің тұруға жарамды басқа тұрғын жайдың берілмей пәтерден шығарылуы бұл жағдайда тұрғын үй заңдылығы талаптарына қайшы келеді.

Жоғарғы Сот жоғарыдағылар негізінде, аталған іс бойынша С.-ны пәтерден шығару туралы апелляциялық саты қаулысының күшін жойып, әскери соттың шешімін күшінде қалдырды. Бұдан басқа, Ұлттық гвардия Жоғарғы қолбасшысының атына әскери бөліммен С.-ның тұрғын үй құқықтарына нұқсан келтірілгені көрсетіліп, жеке ұйғарым шығарылды.

Источник: 
Жоғарғы Соттың баспасөз қызметі