Жамбыл облыстық сотының судьялары зияткерлiк меншiк саласындағы заңнаманы жетілдіру жөніндегі қоғамдық тыңдауға қатысты

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Тараз қаласында Жамбыл облысының Әділет департаментінің ұйымдастыруымен «Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне зияткерлiк меншiк саласындағы заңнаманы жетілдіру бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» заң жобасының тұжырымдамасы бойынша өткен қоғамдық тыңдауға облыстық соттың судьялары М.Қасымов пен Г.Сыздықова қатысты.

Заңнаманың мақсаты – зияткерлік меншікті қорғау саласында Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының стандарттарына өту бойынша жүйелі жұмыс атқару. Жасалған талдау елдің бәсекелестікке қабілетін жоғарылату үшін зияткерлік қызметтің жетістіктеріне негізделген индустриалдық-инновациялық жүйені дамытудың қажеттілігін айғақтайды.

Осы орайда заң жобасына сәйкес Қазақстан Республикасында зияткерлік меншік құқығын қорғау және сақтау мәселелерін реттейтін бірқатар заңнамалық актілерге түзетулер енгізілуде.

Жамбыл облыстық сотының судьясы М.Қасымов өзінің баяндамасында Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне тауар таңбасы иеленушінің құқық бұзушыдан келген шығынының орнын толтыру, талап ету құқығы бойынша толықтырулар енгізіліп жатқандығын, бұған қоса, құқық иеленуші келген шығынның орнына құқықбұзушыдан тауар таңбасын заңсыз пайдалану кезінде түскен пайданы өндіре алатындығын айтты.

Жамбыл облыстық сотының судьясы Г.Сыздықова заң жобасы құқықтық олқылықтарды, қарама-қайшылықтарды жоюды қоса алғанда, ғылыми-техникалық ілгерілеушіліктің және еркін бәсекенің дамуына бағытталған зияткерлік меншік саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіру, сондай-ақ әкімшілік кедергілер тудыратын нормаларды жою мақсатында әзірленгендігін атап өтті.

Іс-шараның соңында тыңдауға қатысушылар өзара пікір алмасып, заңнаманың жобасын бірауыздан мақұлдады.

Қайнар: 
Жамбыл облыстық сотының баспасөз қызметі