Республика соттарында жаңадан тағайындалған судьялар таныстырылды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Ақтөбе облыстық сотының төрағасы Мұратғали Әкетай Мұғалжар аудандық сотына іссапармен барып, жұртшылықпен, аудан активімен кездесті.

Кездесу барысында №2 Мұғалжар аудандық сотының төрағасы қызметіне жаңадан тағайындалған Аслан Мұқановты таныстырды. Іс-шара барысында Мұратғали Әкетай бұрын осы соттың төрағасы қызметін атқарған Алтынбек Сабыровтың Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы қызметіне тағайындалғанын атап өтті.

Кездесу барысында Мұғатғали Әкетай қазіргі таңда Мемлекет басшысының «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарында, судьялардың VII съезінде берген тапсырмаларының тиісті орындалуы, сондай-ақ соттарда ақпараттық технологиялардың кеңінен қолданылуы туралы айтып өтті.

Жиналған жұртшылық сот жүйесінің соңғы кездегі нәтижелі жұмысына өз ризашылықтарын жеткізді және көкейіндегі сұрақтарға облыстық сот төрағасынан толыққанды жауап алды.

Аудан жұртшылығымен өткізілген кездесуден соң Мұратғали Әкетай Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі алқа төрағасы қызметіне жаңадан тағайындалған Ермек Қанапиевті, қылмыстық істер жөніндегі алқа төрағасы қызметіне тағайындалған Қайырбек Елемесовті және облыстық соттың судьясы қызметіне тағайындалған Гүлжан Әжіғалиеваны таныстырды.

Сонымен қатар, Мұратғали Әкетай құрметті отставкаға шыққан Майра Үрістембаева мен Нұрлан Сұлтановқа ұзақ жылғы және нәтижелі жұмыстары, сот жүйесінің дамуына қосқан үлестері үшін алғыс білдіріп,  оларға зор денсаулық, отбасылық бақыт тіледі.  

 

Батыс Қазақстан облыстық сотының төрағасы Бек Әметов өңірдің судьялар корпусына жаңадан тағайындалған әріптестерін таныстырды..

Шараға облыс соттарының судьялар мен қызметкерлері, БҚО әкімінің м.а. Арман Өтеғұлов, БҚО бойынша соттармен өзара іс-қимыл жөніндегі Кеңестің төрағасы Вера Логвинова және мүшелері, БҚО ІІД бастығы Махсудхан Аблазимов, ҚР ҰҚК БҚО департаментінің бастығы Махмуд Адылгазин, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының БҚО бойынша департаментінің басшысы Мақсат Қожабаев, БҚО ТЖ департаменті басшысы Жасұлан Жұмашев, әскери бөлімнің басшысы Бауыржан Рысбеков және БАҚ өкілдері қатысты.

Б.Әметов жаңа алқа төрағалары Қайрат Адрановты және Ақан Жұмағұловты таныстырды. Облыстық соттың төрағасы сонымен бірге бірқатар аудандық және қалалық соттарға тағайындалған төрағаларды, Соттар әкімшісінің басшысы Нұрлан Қажғановты таныстырды.

Б.Әметов Батыс Қазақстан облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған сотының төрағасы Тельман Ибрашевтың құрметті доғарысқа шығуына және Орал қаласының № 2 сотының судьясы Сергей Сергеевтің өз еркімен жұмыстан кетуіне байланысты лауазымынан босатылғанын хабарлады. Облыстық сотының төрағасы Т.Ибрашев пен С.Сергеевтің сот жүйесіндегі көпжылғы жемісті еңбектерін атап, алғыс хат адресатын табыстады.

Облыс әкімінің м.а. Арман Өтеғұлов құттықтау сөз сөйлеп, Т.Ибрашев пен С.Сергеевке сот жүйесінің игілігіне, заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайту ісіне қосқан үлестері үшін алғыс білдірді.

Б.Әметов жұмыс сапарымен Бөрлі және Зеленов аудандарында болып, аудандық соттардың жаңадан тағайындалған төрағаларын таныстырды.

Батыс Қазақстан облысы Бөрлі ауданы әкімдігінің ғимаратында өткен кеңесте Б.Әметов аудан активіне тағайындалған Бөрлі аудандық сотының жаңа төрағасы Гамал Құлмұхановты таныстырды.

Шараға аудандық соттың судьялары мен қызметкерлері, Бөрлі ауданының әкімі Алдияр Халелов, доғарыстағы судья Нұртас Ибрашов, мемлекеттік мекемелердің, прокуратура, АІІБ, адвокаттар және БАҚ өкілдері қатысты.

 

Маңғыстау облыстық сотының төрағасы Жақсылық Аланов өңірлік сот корпусына азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы қызметіне тағайындалған Нұрсапа Примашевті таныстырды.

Маңғыстау облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының  төрағасы қызметіне Лариса Шамғонова мен мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының төрағасы қызметіне Айдарбек Тіленов, облыстық соттың судьясы қызметіне Сәуле Өмірболатова тағайындалды.

Өңір судьялары Ақтау қалалық сотындағы әріптесі Галина Айжарықованы отставкаға шығарып салды.

 

Солтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы Ерлан Айтжанов өңірдің судьялар  корпусына  жаңадан тағайындалған Мамлют аудандық сотының төрағасы Асхар Пармановты, №2 Петропавл қаласының судьясы Алена Девяткинаны, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының  судьясы Алия Жұмабаеваны, №3 Тайынша аудандық сотының судьясы Алтынай Жұмабаеваны таныстырды.

Е.Айтжанов  оларға  қызметтеріне адал,  азаматтар мен заңды тұлғалардың мүдделерін қорғауда  сот төрелігін сапалы және адал жүзеге асыруларын тіледі.

Сонымен қатар, әріптестері облыстық соттың судьясы Қайрат Шәкімовті, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Несібелді Жәнібекованы және Мамлют аудандық сотының төрағасы Танзиля Бекмағамбетованы отставка шығарып салды. Ол сот жүйесінің ардагерлеріне көп жылғы адал еңбектері үшін алғыс айтып, зор денсаулық тіледі.

 

Жамбыл облыстық сотында судьялар мен жаңадан тағайындалған аудандық және оған теңестірілген облыс соттарының төрағаларын таныстыру рәсімі өтті. 

Жамбыл облыстық сотының судьясы қызметіне – Самат Төлесбай, төраға қызметіне: Жамбыл аудандық сотына – Досжан Төленбеков, Жамбыл облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық  сотына – Ербол Дүйсенбаев, Жуалы аудандық сотына – Бақытжан Мүлкібаев, Шу аудандық сотына – Ернар Жаманқұлов, Тараз қаласының №2 сотына – Низамиддин Жамашов, сондай-ақ Жамбыл аудандық сотының судьясы қызметіне – Абай Дәуренбеков, Қордай аудандық сотының судьясы қызметіне – Раушан Самутдинова тағайындалды.

Сот жүйесінде 25 жылдан аса уақыт қызмет атқарған Жұмакүл Бекеева құрметті отставкаға кетуіне байланысты судья лауазымынан босатылды. 

Облыстық соттың төрағасы Жұмакүл Бекееваға көп жылдық адал еңбегі үшін алғысын білдіріп, зор денсаулық тілеп, сот жүйесінің дамуына  қосқан қомақты үлесін атап өтті. Оған Судьялар Одағының Жамбыл облыстық филиалы атынан гүл шоқтары мен естелік сыйлықтар табыс етілді.

Рүстем Алшынбаев барлық судьялар және жаңадан тағайындалған төрағалардың жұмыстарына табыс тілеп, сот төрелігін жүзеге асыру сапасын арттыру қажеттігін атап өтті.

 

Павлодар облыстық сотының төрағасы Мұхтар Смағұлов өңірдің судьялар корпусына облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы болып тағайындалған Бақытбек Бегалиевті таныстырды.

М.Смағұлов осыған дейін азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы қызметін атқарған Алмас Күзековтің облыстық соттың судьясы лауазымына аусқанын хабарлады.

Осы ретте М. Смағұлов  Қайырбек Елемесовтің Ақтөбе облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы, Марат Рымбаевтың – облыстық соттың судьясы, Хамит Срайыловтың – Шарбақты аудандық сотының судьясы, Құдабай Сұлтановтың – қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы, Марат Дәйкеновтің – мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы, Әлия Сейілғазинованың – Екібастұз қалалық сотының судьясы, Бақытбек Дәуітовтің – Баянауыл аудандық сотының судьясы болып тағайындалғанын атап өтті.  

Қайнар: 
жергілікті соттардың баспасөз қызметтері