«Отбасылық сот» жобасын іске асыру үшін

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Жамбыл облыстық сотының судьясы Гүлнәр Асылбек «Отбасылық сот» жобасын іске асыруға арналған дөңгелек үстел өткізді.

Мәселені талқылауға судьялар, әкімдіктердің, әділет, құқық қорғау органдарының, Билер кеңесінің өкілдері, адвокаттар мен медиаторлар, «Бастау» отбасыны қолдау ресурстық жұмыс тобының мүшелері қатысты.

Г. Асылбек өз сөзінде қатысушылардың назарын неке қидыратын жұптарға  олардың азаматтық хал актілерін тіркеу органдарына арыз беруі кезінде ақыл-кеңес айтудың қажеттілігіне тоқталды. «Жастарды оқыту жұбайлардың, ата-аналардың мүліктік құқықтары мен міндеттеріне, алименттік міндеттемелерге, баланың құқықтарына, баланың туу тегін анықтауға байланысты мәселелер бойынша құқықтық кеңестер беруді қамтиды», -деп атап көрсетті Г. Асылбек. Ол психологтар мен медиаторлар қатысқан осындай тренингтердің өзара сенім жағдайында өтетінін айтты.

Тараз қалалық сотының судьясы Сәбит Қалдыбаев некеге тұруды қалайтын жастар үшін семинарлар өткізу туралы ойды қолдады. Оның пікірі бойынша, отбасын құрғысы келетін жастар өздерінің тілектері мен мүмкіндіктеріне байыппен қарап, туындайтын белгілі бір салдарды шынайы дұрыс қабылдай білулері қажет.

Әділет департаменті басшысының орынбасары Шыңғыс Айнақұлов осындай іс-шараны өзінің ведомствосының аясында  да өткізуді ұсынды.

Орнынан түскен судья, Билер кеңесінің мүшесі Уәлиға Қайманова осы пікірді қолдай келіп, шаңырақ көтеруді ойластырған жастардың бойында кейде бір біріне деген өзара түсіністік пен шыдамдылықтың жетіспей жататынын алға тартты. Оның пікірі бойынша, мамандардың әрқайсысы осындай жұмысты жүргізе отырып, отбасын сақтауға өз үлестерін қосады және дер кезінде ақыл-кеңес беріп, жастар некені қидырғанға дейін өздерінің тілектерін білдіре алады.

Дөңгелек үстелді өткізу барысында қатысушылар өзара сындарлы пікір алмасты. Бірқатар ұсыныстар енгізіліп, тренингтерді өткізу жөнінде тиісті ұсынымдар әзірленді.

 

Шымкент қалалық соты жастардың ресурстық орталығында жастармен интерактивті кездесу өткізді.

«Отбасылық сот» жобасын іске асыру шеңберінде өткізілген осы іс-шараға азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Мұхтар Парменов, қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы, судьялар, жастар істері жөніндегі басқарманың және жастардың өкілдері қатысты.

«Отбасылық сот» жобасы еліміздің 4 өңірінде жұмыс істейді. Оның қызметі отбасыны сақтауға, отбасылық жанжалдарды анықтауға, ерлі-зайыптыларды татуластыруға, кәмелетке толмағандардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған. Шымкентте жоба Еңбекші аудандық сотының базасында қолға алынды. Жұмыс істей бастаған жарты жыл ішінде «Отбасылық сот» өзін оң қырынан көрсетті. М. Парменов өз сөзінде «Біз балалардың құқықтарын бұзған отбасылардағы құқықтық мәселелер туралы сөйлессек деп едік» деп тақырыптың мәнін аша түсті.

Еңбекші аудандық сотының судьясы Әсем Қапарбекованың айтуы бойынша өткен тоқсанда сотқа неке-отбасы жанжалдары туралы 251 талап-арыз, оның ішінде некені бұзу туралы 73 арыз түскен. Сотта қаралған арыздардың 37-сі және тіпті одан да көбі тараптардың татуласуының нәтижесінде істер тоқтатылды. Сонымен қатар 146 іс бойынша психологтармен кездесулер өткізілді.

Кездесу барысында қоғам қайраткері О. Асанғазы «Бәсекелесе алатын мемлекет мықты отбасыдан басталады» деген тезисті атап көрсете келе балаларды тәрбиелеудің маңыздылығына баса назар аударды. Ол өзара сенімге құрылған әңгіме барысында «Отбасылық өмірді қалай бақытты етуге болады?», «Ерлер мен әйелдердің отбасындағы рөлі қандай?» және «Отбасын сақтап қалу үшін не істеу керек?» деген сұрақтар талқыланды.

Іс-шараға қатысушыларға «Отбасылық сот» жобасының мақсаттары мен міндеттерін ашып көрсетілген кітапша таратылды.

Қайнар: 
Жергілікті соттардың баспасөз қызметі