Ақмола облыстық соты және адвокаттар алқасы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Ақмола облыстық сотының төрағасы Досжан Әміров пен Ақмола облысы адвокаттар алқасының төрайымы Ғалия Ибраева азаматтық, қылмыстық және әкімшілік сот ісін жүргізу қағидаларын сақтау, азаматтардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау, татуласу рәсімдерін жан-жақты дамыту бойынша өзара іс-қимылды нығайту, сот ісін жүргізудің жариялылығы мен ашықтығын қамтамасыз ету, судьялар мен адвокаттар арасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелері бойынша өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Екі жақты меморандум судьялар және адвокаттардың қатысуымен бекітілді.

Меморандумға сәйкес, судьялар мен адвокаттар заң үстемдігін қамтамасыз ету, сот төрелігінің қолжетімділігі мен азаматтарға жоғары кәсіби заңгерлік көмек көрсету мақсатында ынтымақтастықты одан әрі нығайтатын болады.

Досжан Әміров іс-шарада адвокаттарды медиация мен партисипативтік рәсімдерді енгізу мен дамыту, БАҚ-та құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізу, «Сот кабинеті» сервисінің ақпараттық мүмкіндіктерін қолдану мәселелері бойынша жұмыста белсенділік танытуға шақырды. Сонымен қатар, сот төрағасы судьялар мен адвокаттардың процесстік емес байланыс фактілерін болдырмау, бұқаралық ақпарат құралдарында, соның ішінде, Интернет және әлеуметтік желілерде жағымсыз және шындыққа жатпайтын соттар қызметі, судьялар және адвокаттар туралы ақпараттарды таратудың алдын алу, заңды күшіне енбеген сот актілеріне негізсіз сын және пікір айтудан тартыну қажет екенін айтты.

Адвокаттар мен судьялар тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуге ниет білдіріп, меморандумдағы тапсырмаларды іске асырудағы екі жақты жұмысқа табыс тіледі.

Қайнар: 
Ақмола облыстық сотының баспасөз қызметі