Жоғарғы Соттың Интернет-ресурсы «Қазконтент» АҚ-ның 2014 жылғы рейтингісінің қорытындысы бойынша бірінші орын алды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Бүгін жалпы отырыс шеңберінде Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы Қайрат Мәми ҚР Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің басшылығын «Қазконтент» АҚ құратын рейтингке сәйкес 2014 жылдың қорытындысы бойынша Жоғарғы Соттың бірінші орын алуымен құттықтады.

Өз сөзінде Қайрат Мәми: «Бұл марапат – соттар қызметінің ашықтығы мен айқындылығының кепілі. Алдағы уақытта да бұл жұмысқа зор мән беріп, оны үнемі жетілдіріп отыру керек. Судьялар ақпараттық-имидждік іс-шараларға белсенді түрде қатысып, сот жүйесінің транспаренттігін нығайтуға атсалысуы тиіс», - деп атап өтті.

«Қазконтент» АҚ Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетіне қарасты ведомстволық құрылым болып табылады. Аталған ұйым Интернеттің ұлттық сегментін және мемлекеттік органдардың веб-сайтын дамыту жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асырумен айналысады.

Жоғарғы Соттың сайты Интернет-ресурстарды контенттік сүйемелдеу және жетілдіруге жүргізілген талдау қорытындысы бойынша бірінші орынды иеленді. Іріктеу республикадағы 30 мемлекеттік орган сайттарының арасында жүргізілді. Жеңімпазды анықтау критерийлеріне мынадай индикаторлар қолданылды: ақпараттың өзектілігі, оны жариялаудың жылдамдығы, сайттың оқылуы, интерактивтілігі мен мультимедиялылығы. Бұған қоса, мемлекеттік органның бірінші басшысының жеке блогының жұмыс істеуі және Интернет-ресурсты әлеуметтік желілерде жетілдіру жұмыстарына да мән беріледі. 

Мемлекеттік органдар веб-сайттарының рейтингісі жыл бойына ай сайын шығарылып келді. Жоғарғы Соттың Интернет-ресурсы 2014 жылдың шілде-қазан айлары аралығында тұрақты түрде бірінші орынды иеленіп келді. 

Биыл Интернет-ресурстың тұтынушылар санын арттыру мақсатында оның жұмысы мен дизайны жаңартылды. Атап айтқанда, сот жүйесінің республикалық ресурсы мен өңірлік сайттар үшін біртұтас тұғырнама әзірленді, адаптивті беттеу технологиясы енгізілді, интерфейстің сапасы жақсартылды. Сайттың ыңғайлы оқуға арналған (көзі нашар көретіндер үшін) нұсқасы іске қосылды. Сайтта сот жүйесінің «Сот кабинеті», «Сот құжаттарымен танысу», «Тыңдалатын істер тізімі» және т.б. бірқатар практикалық сервистері орналастырылған.     

Интернет-ресурстың жаңалықтар бөлімі күн сайын 3 тілде жаңартылып отырады, фото және бейнематериалдар да тұрақты түрде салынады. Тұтынушылар үшін сайттың мобильдік нұсқасы жұмыс істейді, сайтты қолданушылармен тығыз байланыс орнатылған.

 

Қайнар: 
ҚР Жоғарғы Сотының Баспасөз қызметі