Жоғарғы Сотта қылмыстық жаза тағайындауға, авторлық және сабақтас құқықты қорғауға қатысты нормативтік қаулылардың жобасы талқыланды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Бүгін Қайрат Мәмидің төрағалығымен Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының кезекті жалпы отырысы өтті.

Отырыстың күн тәртібіне сәйкес авторлық және сабақтас құқықты қорғауға, қылмыстық жаза тағайындауға қатысты Жоғарғы Соттың екі нормативтік қаулысының жобасы талқыланды.

Отырысты аша келе, Жоғарғы Сот Төрағасы Қ.Мәми: «Жоғарғы Соттың нормашығармашылық қызметі басым бағыттардың бірі болып табылады. Нормативтік қаулылар сот ісін жүргізуде ғана емес, сонымен қатар тұтастай алғанда құқық қорғау органдарының құқық қолдану тәжірибесінде де айқындаушы маңызға ие. Жоғарғы Соттың нормашығармашылық функциясы сот төрелігінің үш деңгейлік жүйесіне өтуіне байланысты одан әрі маңызды бола түспек», - деп атап өтті.

Алғашқы жобаны таныстыра келе, Жоғарғы Сот судьясы Ирина Калашникова зияткерлік қызмет нысандарын қорғаумен және қолданумен қатысты қатынастар азаматтық құқықтың нормаларымен реттелетіндігін атап өтті. Авторлық құқықты қорғау республиканың экономикалық өсімінің тұрақты және қарқынды дамуын қамтамасыз етудің маңызды шарттарының бірі ретінде қарастырылады және Қазақстанның ДСҰ-ға кіруі қарсаңында айрықша өзекті болып табылады.

Зияткерлік меншік саласындағы заңнамаға соңғы жылдары енгізілген өзгерістер авторлық және сабақтас құқықты қорғау туралы заң нормаларын сот тәжірибесінде дұрыс қолдану мақсатында осы нормативтік қаулыны әзірлеуге қажеттілік тудырды. Жоба авторлық құқық саласындағы халықаралық шарттарды нақтылау, Интернет желісіне туындыларды заңсыз орналастыру фактілерін анықтау, авторлық және сабақтас құқықты бұзатын адамдарды айқындау бөлігі бойынша толықтырулар енгізуді көздейді. Авторлық келісімнің шарттарын айтарлықтай бұзу, өнімді қайта басып немесе қайта жазып шығару ұғымдары нақтыланады, туындылар мен (немесе) фонограммалар даналарының контрафактілігі ұғымы, осы санаттағы істер бойынша сараптама тағайындау және жүргізудің ерекшеліктері, айқындалады, авторлық және сабақтас құқықтар иегерлерінің мүддесін қорғауды ұжымдық басқару жөніндегі ұйымдардың құқықығын растайтын құжаттардың тізбесі белгіленеді.

Осы мәселе бойынша қосалқы баяндамашы ретінде Жоғарғы Соттың судьясы Айгүл Қыдырбаева мен Астана қалалық сотының судьясы Сара Жармұхамбетова сөз сөйледі.

Жоғарғы Соттың судьясы Мейрам Жанғұттинов екінші нормативтік қаулы жобасы туралы айта келе, бұл жобаның жаза тағайындау мәселесі бойынша жаңа қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнама нормаларын бірізді қолдануды қамтамасыз ету мақсатында әзірленгендігін атап өтті. Жобада республика заңнамасында бұрын-соңды болмаған бірқатар жаңа ережелер қамтылған. Бұлар, атап айтқанда, қылмыстық теріс қылыққа, келісімдік іс жүргізудегі жаза тағайындауға қатысты нормалар. Қылмыстық жаза тағайындау мәселелері бойынша сот практикасы бұрынырақта екі нормативтік қаулыда көрсетілген болатын.

Жаңа Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық атқару кодекстерінің қабылдануына байланысты жаза тағайындау жөніндегі жаңа институттарды түсіндіру, жаңа нормативтік қаулы қабылдаудың қажеттілігі туындады. Онда жауаптылық пен жазаны жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлар, неғұрлым қатаң жаза тағайындау, келісімдік іс жүргізудегі жаза т.б. секілді ұғымдардың мәні егжей-тегжейлі түсіндірілді.

Қылмыстық кодекске «қылмыстық теріс қылық» деп аталатын жаңа заң ұғымының енгізілуіне байланысты қылмыстық құқықбұзушылықтардың жиынтығы бойынша жаза тағайындауға түсіндірме берілді. Жобада соттардың айрықша деп қандай мән-жайларды түсінуі тиістігіне қатысты түсіндірме берілді.

Осы мәселе бойынша қосалқы баяндамашы ретінде Жоғарғы Соттың судьясы Лаура Ағыбаева мен Астана қалалық сотының судьясы Роза Жакудина сөз сөйледі.

Нормативтік қаулылар жобаларын әзірлеу барысында осы мәселелер бойынша сот істері зерделеніп, сот тәжірибелері сараптан өткізілді, сондай-ақ жергілікті соттардан, ҒКК мүшелері мен мүдделі мемлекеттік органдардың ұсыныстары мен ескертулері ескерілді.

Источник: 
ҚР Жоғарғы Сотының баспасөз қызметі