Жоғарғы Сотта екі нормативтік қаулының жобасы талқыланды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Жоғарғы Соттың Төрағасы Жақып Асанов жоғары сот органының кезекті жалпы отырысын өткізді.

Оның жұмысына Жоғарғы Соттың алқа төрағалары мен судьялары, ғылыми-консультативтік кеңес мүшелері, Конституциялық Кеңестің, Бас прокуратураның, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Ішкі істер, Әділет министрліктерінің, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ұлттық бюроның, сондай-ақ Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілдері қатысты.

Күн тәртібіне сәйкес екі нормативтік қаулының жобасы талқыланды.

Жоғарғы Сот Төрағасы «Қылмыстық жаза тағайындаудың кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2015 жылғы 25 маусымдағы № 4 нормативтік қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысының жобасына назар аудара келе, енгізілетін түзетулер қосымша жаза тағайындау кезінде туындайтын мәселелерді шешуге мүмкіндік беретіндігін атап өтті.

Жоғарғы Сот судьясы Мейрам Жаңғұттинов аталған жобаны таныстыра келе, жоба ҚК-нің 48, 49, 50 және 55-баптарын қолдану кезінде бірыңғай сот практикасын қамтамасыз етуге бағытталғанын айтты. Жобада «сот талқылауының шегі айыптау актісінде көрсетілген негіздемелермен шектелетіндігі», кәмелетке толмағандарға тағайындалатын жаза мерзімін есептеу тәртібі, мүлікті тәркілеу, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру, наградалардан, атақтардан, сыныптық шеннен, дипломатиялық дәрежеден немесе бiлiктiлiк сыныбынан айыру секілді қосымша жаза түрлерін тағайындау мәселелері регламенттелген.   

Жоғарғы Соттың судьясы Нұрия Сисенова «Қазақстан  Республикасы  соттарының азаматтық істер бойынша сот шығындары туралы заңдарды қолдануы туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2006 жылғы 25 желтоқсандағы № 9 нормативтік қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысының жобасын таныстыра келе, оның өзектілігіне тоқталды. Оның пікірінше, нормативтік қаулы жаңадан қабылданған Азаматтық процестік кодекстің нормаларын қолдану барысында соттарға талап арыз бен сот шығыстарының бағасына қатысты практикалық көмек көрсетеді.  

Нормативтік қаулыда мемлекеттік баж салығын төлемеу немесе жартылай төлеу талап арызды қайтаруға негіздеме болып табылатындығы, себебі көп жағдайларда бұл кемшілік істі қарағанға дейінгі немесе қарау сәтінде жойылуы мүмкіндігі түсіндірілген. Арын, абыройын және іскерлік беделін түсіретін мәліметтерді таратудан келтірілген моральдық зиянға ақшалай нысанда өтемақы өндіру туралы істер бойынша талап арыздың бағасын айқындауды, соманы өндіріп алу және кепілге салынған мүлікті өндіріп алуды қолдануды, алимент көлемін азайту (көбейту) немесе төлеуден босатуды және т.б. регламенттейтін өзгерістер енгізілген. Тараптарды дауларды бейбіт жолмен шешуге ынталандыру және шиеленісті соттан тыс шешу тетіктерін күшейту мәселелері де көрініс тапқан. 

Жоғары сот органы судьяларын Жоғарғы Соттың жалпы отырысы төралқасына жіберу мәселесі де қаралды. «Сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы» Конституциялық заңның нормаларына сәйкес 2018 жылдың қаңтарында Жоғарғы Соттың үш судьясының жалпы отырыстың төралқасындағы екі жылдық өкілеттік мерзімі аяқталады.

  Алқалық органның қатысушылары жалпы отырыстың төралқа құрамына Жоғарғы Соттың судьялары Гүлжан Әлмағамбетованы, Ақылтай Қасымов пен Ұлбосын Сүлейменованы қабылдау туралы Ж.Асановтың ұсынысына дауыс берді.

Источник: 
ҚР Жоғарғы Сотының баспасөз қызметі