Жоғарғы Соттың жалпы отырысында екі нормативтік қаулының жобасы талқыланды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Жоғарғы Сот Төрағасы Жақып Асанов жоғары сот органының кезекті жалпы отырысын өткізді.

Оның жұмысына Жоғарғы Соттың алқа төрағалары мен судьялары, Ғылыми-консультативтік кеңестің мүшелері қатысты. Бұған қоса, Конституциялық Кеңестің, Бас прокуратураның, Әділет, Ауыл шаруашылығы министрліктерінің, сондай-ақ Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілдері де қатысты.  

Бекітілген күн тәртібіне сәйкес екі нормативтік қаулының жобасы талқыланды. Біріншісі – «Соттардың жер заңдарын қолдануының кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2007 жылғы 16 шілдедегі нормативтік қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» нормативтік қаулы жобасы.

Жоғарғы Сот Төрағасы Ж.Асанов жер заңнамасында орын алған өзгерістерге тоқтала келе, құқық қолдану практикасындағы өткір әрі неғұрлым түйткілді мәселелерді шешудегі нормативтік қаулының маңыздылығын атап өтті.   

Жобаны Жоғарғы Сот судьясы Шолпан Иманиязова таныстырды. Ол жобада жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың жер учаскелеріне құқықтары туралы даулар жер учаскесі орналасқан елді-мекендегі мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттарда қаралатындығын атап өтті. Жер кодексіне сәйкес құқық белгілейтін және сәйкестендіру құжаттарының анықтамалары беріліп, олардың құқықтық мәні көрсетілді. Жобадағы тиісті толықтырулар жылжымайтын мүлікке қатысты құқықтарды мемлекеттік тіркеуді және меншік иесі болып табылмайтын тұлғалардың заттық құқықтарының тізбесін регламенттейтін заңнамаларға енгізілген өзгерістерге байланысты. Белгілі бір жер учаскесіне құқықты даулайтын меншік иелерінің жиі орын алатын әрі күрделі дауларын шешу бойынша ұсынымдар берілді. Мақсаты бойынша пайдаланылмаған жер учаскесін мәжбүрлеп алып қою, сондай-ақ жерді пайдалану және оған меншік құқықтарының тоқтатылуы туралы заңнама нормаларын қолдануға қатысты істерді шешу барысында соттарда туындайтын кейбір мәселелер де қамтылды. Нормативтік қаулының жобасы иелену мерзімінің ескіруі негізінде мемлекеттік меншіктегі жер учаскелеріне жеке меншік құқығын алуға жол берілмейтіндігін регламенттейді.

Күн тәртібінде қаралған екінші мәселе – «Соттардың Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексі 27-тарауының нормаларын қолдануының кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2010 жылғы 24 желтоқсандағы нормативтік қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» нормативтік қаулының жобасы. Жобаны Жоғарғы Сот судьясы Альфия Савинова таныстырды.

Нормативтік қаулы АПК-нің 29-тарауының тәртібімен прокурордың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) және актілеріне, егер арыз беруші үшін АПК-нің 293-бабы бірінші бөлігінің 1)-3) тармақшаларында көзделген кез келген құқықтық салдарды тудырса және қолданыстағы заңнамада оларға шағым жасаудың өзге тәртібі көзделмесе, шағымдануға болатындығын түсіндіреді. Сотқа жүгінудің дәлелді себептермен өткізіп алынған мерзімін сот қалпына келтіруі мүмкіндігі түсіндірілді. Егер мерзім қалпына келтірілмесе, сот арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім шығарады, бұл ретте істің өзге нақты мән-жайлары зерттелмейді. Шешімде бас тарту үшін негіз болып сотқа дәлелді себептерсіз  жүгіну мерзімін өткізіп алғаны ғана көрсетіледі. Нормативтік қаулы ұсынылған талаптарға сәйкес шешімнің қорытынды бөлігін баяндаудың ықтимал нұсқаларының мысалдарымен толықтырылды.

Жалпы отырысқа қатысушылар Жоғарғы Соттың жанындағы Халықаралық және ғылыми-консультативтік кеңестердің дербес құрамдарын бекітті.

.

Қайнар: 
ҚР Жоғарғы Сотының баспасөз қызметі