Жоғарғы Сотта «Болашақ» стипендиясының иегері атанған судьялармен және сот жүйесінің қызметкерлерімен кездесу өтті

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Бүгін Жоғарғы Сот Төрағасы Қайрат Мәми, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықова, «Астана» Халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) басқарушысы Қайрат Келімбетов «Болашақ» халықаралық стипендиясының 2016 жылғы стипендиаттары – судьялармен және сот жүйесінің қызметкерлерімен кездесті. Кездесуге Халықаралық орталықтың басқарушы қызметкерлері мен судьялар да қатысты.

Кездесуді аша келе, Қ.Мәми Ұлт Жоспарын іске асыру шеңберінде әлемдегі ең озық 30 елдің қатарына кіру стратегиялық мақсатқа қол жеткізу үшін Қазақстанда ауқымды реформалар жүріп жатқандығын атап өтті. Ол қатысушылардың назарын «Астана» Халықаралық қаржы орталығының қызметі Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыруға бағытталғанына аударды. АХҚО бүткіл Орталық Аия аймағы үшін қаржылық хабқа айналуы және әлемдегі алдыңғы қатарлы 20 қаржы орталығының қатарына енуі тиіс.

«Ұлт Жоспарының 24-қадамын іске асыру шеңберінде Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша Астанада Халықаралық арбитраж орталығы құрылмақ. Орталық жанынан англосаксондық құқық жүйесі мен сот ісін жүргізуде ағылшын тілі қолданылатын қаржы сотын құру арқылы инвестициялық дауларды шешу көзделіп отыр. Осыған орай англосаксондық құқық жүйесін зерделеу мақсатында шетелде арнайы тағылымдамадан өткен судьялар контингентін даярлау қажеттілігі туындады», - жоғары сот органының төрағасы.  

Шетелдерде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия жұмысы туралы айта келе, Г.Әбдіхалықова ханым қазіргі таңда «Болашақ» халықаралық стипендиясы бойынша басым мамандықтар тізбесіне «Судьялар мен сот жүйесінің қызметкерлері» санатын қосудың айрықша өзекті екендігін атап өтті.  «Бұл Мемлекет басшысының заң үстемдігін қамтамасыз ету және Қазақстандағы инвестициялық ахуалды жақсарту бойынша алға қойған міндетін табысты іске асыру үшін еліміздің судьялары мен қызметкерлерінің біліктілігін одан әрі арттыруға мүмкіндік береді», - деді ҚР Мемлекеттік хатшысы. 

Кездесуге қатысушылар «Астана» Халықаралық қаржы орталығының Жоғарғы Сотпен бірлесіп сот жүйесінің сұрауы бойынша тағылымдаманы ұйымдастыру бағытында атқарған жұмысының қорытындысы туралы хабардар болды.

Өз сөзінде АХҚО басқарушысы Қ.Келімбетов халықаралық қаржы орталығын құруда адами капиталдың әлеуеті маңызды рөл атқаратындығын, сондықтан да АХҚО ҚР Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп арнайы бағдарлама әзірлегендігін атап өтті.

«Ел экономикасына қаржылық ресурстарды тарту және капиталдың жаңа легін қалыптастыру мақсатында АХҚО-ға жоғары білікті мамандар қажет», - деді Қ.Келімбетов.  

Кездесуде Жоғарғы Соттың судьясы Мадияр Балкен тағылымдаманы ұйымдастыру жұмыстарын үйлестіру бойынша атқарылған жұмыстар туралы сөз сөйледі. «Тағылымдама бағдарламасы Дубай халықаралық қаржы орталығы жұмысының тәжірибесі ескеріле отырып әзірленген. Тағылымдама бағдарламасы шеңберінде стипендиаттар ағылшын іс қағаздарын жүргізу, ағылшын судьяларының жұмыс қағидаттарын, құқық үстемдігі мәселесін, соттың заң шығару және соттың үлгілік ісін, коммерциялық құқықтың түрлі салаларының ерекшеліктерін (келісімдік, банктік, қаржылық), ағылшын азаматтық процестерін, халықаралық арбитраждық құқықты зерттейтін болады. Сонымен қатар, стипендиаттар үшін Ұлыбританияның соттарында, жетекші заңгерлік қауымдастық пен адвокаттар кеңселерінде ұзақ мерзімді тәжірибеден өту жоспарланып отыр», - деді М.Балкен.

Кездесуде стипендиаттар атынан Астана қаласы Алматы аудандық сотының судьясы Данияр Хопабаев, Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы Гүлнәр Сатбаева және Департаменттің халықаралық байланыстар секторының меңгерушісі Адия Рамазанова сөз сөйледі. Олар кәсіби қызметті жақсарту үшін тағылымдаманың айрықша маңыздылығын атай келе, оқудан сәтті өту үшін барлық күш-жігерлерін жұмсайтындықтарын айтты.  

Сөз соңында Қ.Мәми мемлекетіміз озық білімге, инновациялық ойлау қабілеті мен оларды қолдану дағдыларына ие мамандарды даярлауға мүдделі екендігін стипендиаттар үшін тағы да қайталап айтты. Ол тағылымдама аяқталған соң стипендиаттардың әрқайсысы ағылшынның жалпы және коммерциялық құқығының негіздері бойынша алған білімдерін қазақстандық тәжірибеге одан әрі енгізуде барынша қолдана алады деп сенім білдірді.

Кездесудің әрбір қатысушысына ұлттық сот жүйесінің ежелгі заманнан қазіргі күнге дейінгі мәселелерін қамтитын үш тілде жарық көрген «Қазақстандағы сот билігі. Тарих және қазіргі заман» атты кітаптың сыйлық нұсқасы табыс етілді.

Источник: 
Жоғарғы Соттың баспасөз қызметі