Қазақстанның судьялар делегациясы Америка Құрама Штаттарына жұмыс сапарымен барды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Инвестициялар және инвестициялық сот ісін жүргізу саласындағы халықаралық құқық нормаларын зерделеу мақсатында Қазақстанның судьялар делегациясы Америка Құрама Штаттарына жұмыс сапарымен барды.

Делегация құрамында Жоғарғы Соттың мамандандырылған сот алқасының төрағасы Айгүл Қыдырбаева, Жоғарғы Соттың судьялары Айгүл Сапарова, Денис Шипп және Мадияр Балкен, Қарағанды облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Жанна Сейдалина, Астана қалалық сотының судьясы Айман Майқыбаева, Атырау облысы Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының төрағасы Рүстем Жаңсықбаев пен Соттардың қызметін қамтамасыз ету жөніндегі департамент басшысының орынбасары Қайрат Елібаев бар.

Сапар шеңберінде қазақстандық делегация АҚШ-тың Жоғарғы Сотына, Федералдық сотына, АҚШ Мемлекеттік департаменті жанындағы халықаралық наразылықтар мен инвестициялық даулар мәселелері бойынша Заң консультантының кеңсесінде болды. Сонымен қатар, Инвестициялық дауларды реттеу жөніндегі халықаралық орталықтың арбитрларымен, АҚШ-тың Патенттер мен тауарлық белгілерді тіркеу бюросының, АҚШ-тың Халықаралық сауда жөніндегі комиссиясының, сондай-ақ Құқық үстемдігі бастамасы – америкалық заңгерлер қауымдастығының өкілдерімен кездесулер ұйымдастырылды.

Кездесулер барысында инвестициялық дауларды шешумен, америкалық инвестициялық сот ісін жүргізудің ерекшеліктерімен, Инвестициялық дауларды реттеу жөніндегі халықаралық орталықтың істерді қарау тәжірибесімен, АҚШ соттарында инвестициялық дауларды шешудің қолданыстағы тетіктері мен тәсілдерімен (келіссөздер, медиация, арбитраж) таныстыруға байланысты және т.б. мәселелер талқыланды. 

Танысу сипатындағы сапардың қорытындысы халықаралық құқықтық реттеу нормаларын ескере отырып, инвестициялық сот ісін жүргізу саласындағы отандық соттардың қызметі мен құқық қолдану практикасын одан әрі дамыту мен жетілдіруге ықпал ететін болады. 

Қайнар: 
Жоғарғы Соттың баспасөз қызметі