Жоғарғы Сотта БҰҰ-ның мүгедектер құқықтары жөніндегі арнайы баяндамашысы К.Агилармен кездесу өтті

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Жоғарғы Соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Еліс Әбдіқадыров БҰҰ-ның мүгедектер құқықтары жөніндегі арнайы баяндамашысы К.Агилармен кездесті.

Кездесуге Жоғарғы Сот жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету жөніндегі департамент басшысының орынбасары Қайрат Елібаев та қатысты.

Кездесуді аша келе, Е.Әбдіқадыров адамның құқықтары мен негізгі бостандықтарын қорғауды кезең-кезеңімен нығайту процесін Қазақстанның қолдайтындығын атап өтті. Республикамыз Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияны қоса алғанда, адам құқықтары саласындағы 60-тан астам халықаралық әмбебап шарттардың толыққанды қатысушысы болып табылады. Конвенция 2016 жылғы 13 желтоқсанда ратификацияланды және Конституцияның 4-бабына сәйкес ұлттық заңнаманың қағидаларына қарағанда басымдыққа ие.

Ұлттық заңнама туралы айта келе, алқа төрағасы мүмкіндігі шектеулі тұлғалардың құқықтарын жариялау және кепілдік берумен қатар, мүгедектердің құқықтарын бұзғаны үшін жауапкершілік көзделгенін атап өтті.

Е.Әбдіқадыров мүгедектердің сотта қорғалу құқықтары туралы Агилар ханымның сұрақтарына жауап бере келе, Қазақстанда әркім өзінің құқықтары мен бостандықтарын сотта қорғау құқығына ие екендігін атап өтті. Ол процеске мүгедек адамның қатысуымен байланысты ұлттық сот ісін жүргіздің кейбір ерекшеліктері туралы әңгімеледі. Айталық, Азаматтық процестік кодекске сәйкес куәгер мүгедектік салдарынан сот шақыртуына келе алмайтын болса, оның тұратын жері бойынша соттың сұрақтарына жауап беруі мүмкін екендігі айтылды. Судья 1 және 2-топтағы мүгедектерге қатысты істерді сот талқылауларына дайындау және оларды қарау барысында заңгерлік көмектің төлемінен және өкілдік етуге байланысты шығындардан босатуы және оларды бюджеттік қаражат есебінен төлеуге жатқызуға міндетті.    

Е.Әбдіқадыров бүгінде Қазақстанда әділ сот талқылауының жалпыға ортақ шетелдік стандарттарына сәйкес келетін заманауи және ашық үлгідегі сот жүйесі құрылғанын атап өтті. Тұрғындардың кең ауқымды бөлігінің сот төрелігіне қолжетімділігін қамтамасыз етуге зор көңіл бөлінуде. Осы мақсатта республикадағы соттардың барлық ғимараттары пандустармен жабдықталған. Бірнеше жыл бойы электронды сот төрелігін дамыту шеңберінде сот жүйесінің ақпараттық-техникалық жарақтандырылуы жетілдірілуде. Бұл істерді қарау мерзімдерін қысқартуға, сот қызметінің қолжетімділігі мен айқындық деңгейін арттыруға ықпал етуде. Қазіргі таңда соттардың 100 % сот отырыстарын аудио-, бейнетіркеу құрылғыларымен жарақтандырылған.

Өз кезегінде Агилар ханым мүгедектердің құқықтарын сақтау бойынша республиканың Жоғарғы Соты жүргізіп отырған ауқымды жұмысты атап өтті. Мейман Интернет-ресурс арқылы соттар ақпаратына қолжетімділікті кеңейту бойынша жүргізілген бірқатар іс-шаралардың өткізілу тиімділігіне тоқталды.  

Жоғарғы Сот интернет-ресурсының көзі нашар көретіндер мен есту қабілеті төмен адамдарға қолжетімділігі туралы Агилар ханымның сұрағына жауап бере келе, Қ.Елібаев келесіні хабарлады. Мүмкіндігі шектеулігі адам «Сот кабинетін» қашықтықтан қолдана алады. Интернет-ресурстың көзі нашар көретіндер үшін нұсқасы іске асырылды, оның мазмұнын дыбыстық сүйемелдеуді енгізу мәселесі пысықталуда.

Кездесу барысында Е.Әбдіқыдыров Жоғарғы Соттың диалогқа және сындарлы өзара іс-қимылға ашық екендігін айта келе, мүгедектердің құқықтарын жүзеге асырумен байланысты озық әрі табысты тәжірибені қолдануға, олардың сот төрелігіне қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды қабылдауға әзір екендігін жеткізді.

Тараптар адамның құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету саласындағы бірлескен күш-жігерді одан әрі ұйыстыру аталған бағыттың Қазақстанда тұрақты дамуына қол жеткізуге мүмкіндік беретіндігіне нық сенуге болатындығын өзара атап өтті.    

Қайнар: 
жо