Қ.Мәми Қазақстандағы Америка Құрама Штаттарының елшісі Джордж Альберт Кроллмен кездесті

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Бүгін Жоғарғы Соттың Төрағасы Қайрат Мәми Қазақстандағы Америка Құрама Штаттарының елшісі Джордж Альберт Кролл мырзамен кездесті.  

Кездесу барысында Қ.Мәми Қазақстандағы мемлекеттік құрылыстың жаңа кезеңі, соның ішінде Жоғарғы Соттың конституциялық реформа шеңберінде сот құрылысы, сот ісін жүргізу және сот төрелігін жүзеге асыру бойынша енгізген ұсыныстары туралы әңгімеледі. Ол судьялыққа кандидаттарға жас мөлшері мен жұмыс өтіліне қойылатын талаптарды күшейту туралы, сондай-ақ үш сатылы сот жүйесіне көшу және Жоғарғы Сотқа кассациялық сатының мәртебесі мен функциясы берілгендігін айтты.

Қ.Мәми соттар жұмысының жаңа үш сатылы жүйеге көшкеніне, Жоғары Сот Кеңесінің құрамы мен өкілеттігінің кеңейтілгеніне, судьялыққа кандидаттарға талаптың күшейгеніне назар аудара отырып, жалпы көрсетілген шаралар соттардың тәуелсіздігін, соның ішінде, құқықтық, ұйымдастырушылық және материалдық-қаржылық кепілдемелер тұрғысынан нығайтуға бағытталғанын айтты.  

Дж.Кролл республикадағы реформалардың прогресивтік сипатын айтып, меншік құқығы институтын сот арқылы қорғауды күшейту мақсатындағы инвесторлардың қатысуымен дауларды шешу механизмін жетілдіру процесіне жоғары баға берді.

Тараптар әңгімелесу барысында жалпы қабылданған заманауи және әлемдік стандарттарға сәйкес келетін сот жүйесін Қазақстанда құру және оны үнемі жетілдіру қажеттілігі туралы ой білдірді.

Қ.Мәми екі ел арасында сындарлы және іскерлік қарым-қатынас орнағанын атап өтті. Сәтті іске асқан іс-шаралардың қатарында ол сот білімі, Қазақстанның Сот төрелігі академиясын институционалдық дамытуға қосқан америкалық сарапшылардың көмегін, өңірлік менторлық бағдарламаларды, жас судьяларға арналған әдістемелік құралды басып шығаруды, сот процесінің аудио,- бейне тіркеу жүйесін қолданудың алғашқы тәжірибесін атап өтті. «Инвестициялық сот төрелігін дамыту жөніндегі Америкалық заңгерлер қауымдастығымен бірлесіп іске ақан жоба біздің қарым-қатынасымыздың жүйелі әрі тұрақты екенін дәлелдейді», - деді Жоғарғы Соттың Төрағасы.

Өз кезегінде Елші мырза Вашингтон жобасы шеңберінде Қазақстан судьяларының инвестициялық дауларды шешудің америкалық тәжірибесімен танысу мақсатында ағымдағы жылғы наурызда барған сапарының тиімділігін атап өтті. Сонымен қатар, ол қазақстандық судьялардың АҚШ-қа «Ашық әлем» бағдарламасы шеңберінде сотты әкімшілендіру және дауларды шешудің баламалы тетіктерін енгізу мәселелерін зерделеу үшін барғандарын атап көрсетті.

Кездесу соңында тараптар екі елдің сот-құқық саласындағы ынтымақтастығын одан әрі дамыту бойынша бірлескен іс-шараларды жүзеге асыруға әзірліктерін білдірді.

Қайнар: 
Жоғарғы Соттың баспасөз қызметі