Жоғарғы Сотта 2015 жылғы сот төрелігін атқарудың қорытындысы бойынша кеңейтілген мәжіліс өтті

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Бүгін Жоғарғы Сотта жоғары сот органы судьяларының 2015 жылы сот төрелігін атқарудың қорытындысы бойынша «Заң үстемдігін қамтамасыз ету –соттардың басты міндеті» атты кеңейтілген мәжілісі болып өтті.

Іс-шараға Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Марат Бекетаев, Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы Анатолий Смолин, облыстық соттардың төрағалары, Судьялар одағы мен Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің басшылығы қатысты.

Мәжілісті ашқан кезде Жоғарғы Сот Төрағасы Қайрат Мәми 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын орындаудың практикалық кезеңін іске асыру басталғанын атап өтті. 59 заң күшіне енді, олар мемлекетті, экономика мен қоғамды дамыту үшін қағидатты жаңа құқықтық ортаны құрайды. Мемлекеттік құрылыстың осы кезеңіне көшу бес институционалдық реформамен айқындалады. Барлық бес институционалдық реформаның табысты орындалуы заң үстемдігін қамтамасыз етуге тікелей тәуелді, сондықтан осы міндет бүгінгі кеңейтілген қорытынды мәжілістің басты тақырыбы болды.

Іс-шара шеңберінде азаматтық және әкімшілік істер бойынша құқық қолдану практикасының өзекті мәселелері туралы Жоғарғы Соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Елис Әбдіқадыров сөз сөйледі. Ол бірыңғай сот практикасын қалыптастыру – қорытуларды жүргізу, нормативтік қаулыларды қабылдау, сот істерінің электрондық жіктегішін жасау және енгізу бойынша жұмыстың маңыздылығын ерекше атап өтті. 2015 жылы соттардың оңалту және банкроттық туралы заңнаманы қолдануы, азаматтардың тұрғын үйді жекешелендіруі, авторлық құқық және сабақтас құқықтар, моральдық зиянды өтеу туралы заңнаманы қолдану практикасы, сот төрелігіне қол жеткізу құқығы және Жоғарғы Соттың сот актілерін қайта қару жөніндегі өкілеттілігі туралы нормативтік қаулылар қабылданды.

Жоғарыда аталған нормативтік қаулылар бұрын соттар үшін дауларды шешу кезінде қиындық туғызатын құқық қолдану практикасындағы көптеген коллизияларды жояды.

Қылмыстық істер бойынша сот төрелігін сапалы іске асыру туралы айта келе, Жоғарғы Соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Абай Рахметулин 2015 жылы республика соттарына 2014 жылмен салыстырғанда іс жүзінде бес мыңға артық қылмыстық істер түскендігін атап өтті. Оның пікірі бойынша, тергеу судьялары институты жұмыс істеген кезеңінде қалыптасып кетті де өзін-өзі ақтады. Солай, 2015 жылы тергеу судьяларының қарауына жалпы алғанда 25 мыңнан астам өтінішхат, шағым және ұсыным түсті. Оның ішінде 2 732 өтініш ҚПК-нің 106-бабының тәртібінде қылмыстық қудалау органдарының іс-әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) және прокурор шешіміне, олардың ішінен үш бөлігіне жуығы толық көлемде немесе ішінара қанағаттандырылған.

Жоғарғы Сотта құрылған жаңа мамандандырылған сот алқасының жұмысы туралы ақпаратпен оның төрағасы Айгүл Қыдырбаева сөз сөйледі. Инвестициялық даулар бойынша жеке сот ісін жүргізуді қалыптастыру «100 нақты қадам – баршаға қазіргі заманғы мемлекет» атты Ұлт Жоспарының 23 қадамында көрсетілген. А.Қыдырбаева инвестициялық алқаның соттылығы мен Ұлт Жоспарының 25 қадамын орындау мақсатында Жоғарғы Соттың жанында құрылған Халықаралық Кеңестің жұмысы туралы айтып берді.

Сондай-ақ мәжілісте Жоғарғы Сот судьясы, Сот жюриінің төрағасы Моряк Шегенов (тақырыбы: «Сот жюриін қалыптастыру, оның судьяларға қойылатын жаңа талаптар аясындағы функциялары мен міндеттері») және Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы Анатолий Смолин (тақырыбы: «Судьялық лауазымдарға кандидаттарды іріктеудің жаңа қағидалары және Жоғары Сот Кеңесін реформалау мәселелері туралы») сөз сөйледі.

Жоғарғы Сот жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің Басшысы Ильяс Испанов жиналғандарды электрондық сот төрелігін енгізу бойынша атқарылған жұмыс туралы хабардар етті. 

2015 жылдан бастап соттарда іске асырылған елеулі іс-шаралар ішінде сот органдарының «Төрелік» атты автоматтандырылған ақпараттық-талдау жүйесін енгізу, істерді автоматты түрде бөлудің тетігін жетілдіру, сот жүйесін мүдделі мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен ықпалдастыру, «Сот кабинеті» сервисін дамыту және т.б.

Бұдан басқа, мәжіліс шеңберінде бірқатар облыстық соттардың төрағалары сөз сөйледі.

Іс-шара соңында Жоғарғы Соттың Төрағасы Қайрат Мәми  сөз сөйледі. Ол 2015 жылдың негізгі қорытындыларын шығарып, ағымдағы перспективаға бірқатар міндет қойды.

Жоғарғы Сот Төрағасының айтуынша, көрсеткіштер соттардың өткен жылғы сот төрелігін іске асыру бойынша сапалы жұмысын куәландырады:  2015 жылы соттар істерді 2,5 %-ға артық аяқтаған, сот актілерінің абсолюттік көпшілігі заңды әрі негізді деп танылған.

Жаңа қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнаманың жағдайларында соттарға түскен барлық қылмыстық істердің үш бөлігінен астамы қылмыстық теріс қылықтарды құраған.  Әрбір оныншы іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жеделдетілген тәртіпте аяқталды. 1 423 іс бойынша жеңілдетілген сотқа дейінгі тергеу жүргізілді.

Кінәні мойындау туралы мәмілелер бойынша да белгілі практика қалыптасуда. Келісімдік іс жүргізуде қарау үшін 2,5 мыңнан астам қылмыстық іс түскен.

Өзгертілген «жазалау» практикасының шеңберінде бас бостандығынан нақты айыруға сотталғандардың меншік үлесі 13,1 %-ға төмендеген. Жазалаудың баламалы түрлеріне кесілген сотталғандардың меншік үлесі төрттен бір бөлігіне артты. Айыппұл иен қоғамдық жұмыстарға сотталғандар саны бірнеше мәрте өсті. 55 %-ға немесе 1,5 есеге ақтау үкімдерінің саны артты.

Дауларды шешудің баламалы тәсілдерін қолданып шешілген азаматтық істер саны  23,8 %-ға өсті. Олардың жартысынан астамы бітімгершілік келісім жасасумен аяқталды,  ал 41,6 %-ы медиатордың қатысуымен қаралды.

Ұлт Жоспарының сот жүйесін реформалау жөніндегі барлық 11 қадамын іске асыру бойынша қажетті заңнамалық жұмыс атқарылды.

2016 жылға арналған міндеттерді айқындай келе, Жоғарғы Сот Төрағасы сапалы судьялық корпусты қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударды.  «Сот төрелігін жоғары моральдық қағидаттары бар ең лайықты кәсіби мамандар іске асыруға тиіс әрі асырады да. Осыған байланысты Жоғары Сот Кеңесі түбегейлі реформаланды, Сот төрелігі институтын Жоғарғы Соттың қарамағына беру мәселелері заңнамалық деңейде шешілді», – деп атап өтті Қ.Мәми.

2016 жылдан бастап енгізілген сот ісін жүргізудің үш сатылы моделі халықаралық стандарттарға сай келетіндігі, сот шешімдеріне тезірек күшіне енуге мүмкіндік беретіндігі және процесті жасанды түрде созу мүмкіндігін төмендететіндігі атап өтілді.  Соттардың залдары сот талқылауын аудио,- бейнетіркеу аппаратурасымен жабдықталуда және жазуды тоқтата тұру немесе редакциялау мүмкінді жоқ.

Соттарды реформалау бойынша бірқатар институционалды шешімдер ерекше белгіленді. Олардың ішінде құрметті отставкаға шыққан судьяларды зейнетақымен қамсыздандырудың жаңа жүйесі: осы жылдан бастап отставкаға шыққан зейнеткер судьяларға ай сайынғы өмір бойғы қамтылым төленетін болады. Бұл ретте, отставкадағы судьялардың қызметіне кез келген шектеулер қойылмайды.  

Қ.Мәми ү.ж. 20 наурызда болатын Парламент Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауына, сондай-ақ республика мәслихаттары депутаттарының сайлауына баса назар аударды. Ол сайлау заңнамасының бұзушылықтарына байланысты барлық шағымдар мен өтініштерді соттар қысқа мерзімдерде немесе кідіріссіз қарауды қамтамасыз етуге міндетті екендігін ерекше атап өтті. Жоғарғы Сот судьялары мен облыстық соттардың төрағалары алдында алдағы электоралдық кезеңде соттардың жұмысын жоғары деңгейде қамтамасыз ету міндеті қойылды.

Сөзінің соңында Қ.Мәми Мемлекет басшысы бірнеше рет айтқан реформалардың іске асырылуына жергілікті жерлердегі бірінші басшылардың дербес жауаптылығы туралы ескертті.

Қорытынды мәжілістің шеңберінде қылмыстық және азаматтық сот ісін жүргізу, Жоғарғы Сот жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті мен оның аумақтық бөлімшелерінің 2015 жылғы жұмысының қорытындыларын шығару мәселелері бойынша Жоғарғы Сот алқаларының кеңейтілген отырыстары өткізілді. Бұдан басқа, «Арбитраж мәселелері бойынша заңнамалық новеллалар туралы» тақырыбында семинар ұйымдастырылды.

 

Қайнар: 
Жоғарғы Соттың баспасөз қызметі