Республика соттары 2017 жылғы 1 тоқсандағы жұмыс қорытындысы бойынша судьялар кеңесін өткізді

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Ақмола облыстық сотының төрағасы Нұрғазы Әбдіқанов сот алқасының төрағалары мен судьяларының, аудандық соттардың төрағалары мен судьяларының, сот жүйесінің ардагерлерінің, Соттар әкімшісі басшылығының, құрылымдық бөлімшелер жетекшілерінің қатысуымен судьялардың кеңейтілген жалпы отырысын өткізді. Кеңесте 2017 жылдың бірінші тоқсанындағы істерді қараудағы заңдылықтың сақталуы және соттардың жұмысын одан әрі жетілдіру мәселелері талқыланды.

Іс-шарада облыстық соттың алқа төрағалары Ерлан Жанәділов пен Жанна Бердығұлова қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша сот төрелігін жүзеге асыру сапасы жөнінде баяндамалар жасады. Сонымен қатар, кеңесте Судья әдебі жөніндегі комиссияның жұмыс қорытындысы, облыс судьяларының іс-әрекеттеріне қатысты шағымдарды қараудың нәтижелері мен аудандық сот төрағаларының есептері тыңдалды.

2017 жылдың бірінші тоқсанында Ақмола облысы соттары 21 993 азаматтық, қылмыстық және әкімшілік істер мен материалдарды қараған. 30 қылмыстық және 181 азаматтық іс медиатордың қатысуымен, 2 азаматтық іс партисипативтік келісім жасаумен қаралды.

316 адам сотталып, келесі жазалау шаралары тағайындалған: бас бостандығынан айыру – 85, айыппұл – 39, қоғамдық жұмыстарға тарту – 64, бас бостандығын шектеу – 63, белгілі бір лауазыммен айналысу құқығынан айыру – 1, қамаққа алу – 1, шартты түрде соттау – 24. Қазақстан Республикасының рақымшылық туралы заңын қолдана отырып 39 сотталушыға қатысты іс қаралды.

Мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотында алқабилердің қатысуымен 2 қылмыстық іс қаралды.

Сот төрелігін жүзеге асыру сапасы азаматтық істер бойынша 0,3%-ға, ал қылмыстық істер боынша 2%-ға жақсарды.

Облыстық сот төрағасы жергілікті соттар жұмысының сапасын жоғары көрсеткіштерге жеткізу жөнінде міндеттер жүктеді.

 

Жамбыл облыстық сотының төрағасы Рүстем Алшынбаев судьялар кеңесін өткізіп, онда ағымдағы жылдың бірінші тоқсанындағы сот төрелігін жүзеге асыру сапасына тоқталып, қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істердің қаралу көрсеткіштеріне назар аударды.

Сот алқасының төрағалары Ж.Рүстембеков пен Н.Абидов облыс соттарының 2017 жылғы бірінші тоқсандағы сот төрелігін жүзеге асыру қорытындысы бойынша статистикалық мәліметтерді келтірді. 2017 жылдың 3 айында 7 096 азаматтық істі қарау аяқталды, шешім шығарыла отырып 3 858 азаматтық іс қаралған, апелляциалық тәртіпте – 9 шешім немесе істердің 0,2 % бұзылған, 20 сот актісі немесе 0,5% өзгертілген. 269 азаматтық іс медиация тәртібімен тоқтатылған. 

Аталған уақыт ішінде облыс соттарына қарауға 682 қылмыстық іс келіп түскен. Соның ішінде 356 тұлғаға қатысты үкім шығарыла отырып 305 қылмыстық іс қаралған, 145 тұлғаға қатысты 125 қылмыстық іс қысқартылған.  Барлығы 349 адам сотталған, 100 адам бас бостандығынан айырылған (28,6%), 37 адам (10,6%) шартты түрдегі жазаға сотталған, жазаның басқа да түрлеріне, бас бостандығынан айырудан бөлек – 179 адам (51,3%) сотталса, ҚР ҚК-нің 65,69 баптарын қолданып 3 адам жазадан босатылған, рақымшылық туралы заң нормалары қолданыла отырып 30 адам жазадан босатылған. 7 адам (356 тұлғаға үкім шығарылған жалпы санынан 2,0%) ақталған. 61 қылмыстық іс медиация тәртібімен тоқтатылған.

2017 жылдың бірінші тоқсанында облыс соттары 3016 адамға қатысты 3016 әкімшілік істі қаралған. Сот әдебі жөніндегі комиссиясының 2017 жылдың бірінші тоқсанында атқарған жұмысы туралы комиссиясының  төрағасы Мейірхан Атибеков баяндады.

Есептік кезеңдегі соттар жұмысының қорытындысына сәйкес түзілген рейтинг нәтижелері туралы Соттар әкімшісі басшысының орынбасары Гузаль Тұрдыева сөз сөйледі.

Жиынның соңында облыстық соттың төрағасы Р.Алшынбаев судьяларға жемісті еңбек тілеп, облыстың сот корпусның барлық күш-жігері азаматтардың конституциялық құқықтарын жоғары деңгейде қорғауға бағытталады деп сенім білдірді.

 

ҚР Әскери сотының төрағасы Сәкен Абдуллаев 2017 жылдың І тоқсанында сот төрелігін жүзеге асыруда Әскери соттың қызметі бойынша және резонансты қылмыстық істер туралы бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне баспасөз мәжілісін өткізді.

С.Абдуллаев іс-шараны аша келе, судьялардың VII съезінде Мемлекет басшысы судьялар корпусының алдында азаматтардың сот төрелігіне сенімділігін арттыру, халықтың құқықтық сауаттылығын жоғарылату мақсатында қазақстандықтардың арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттігі, бітімгершілік рәсімдердің тиімділігін арттыру бойынша бірқатар міндеттердің қойылғандығы туралы атап өтті.

Қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасы төрағасының міндетін атқарушы Қ.Сихимбаев өз сөзінде, есептік кезеңде жалпы айыптау үкімдерінің ішінде барлық сотталғандардың 1/3 бөлігіне бас бостандығын айыру жазасы тағайындалғанын айтты.

«Балама жазаларды қолдану көрсеткіші 39,3% құрады. Жоғарыда аталған көрсеткіштер жалпы жасалған қылмыстың ауырлығына қарай жаза тағайындалатындығын дәлелдейді, сонымен бірге, сотталғандарға балама жазаларды қолдану үрдісі сақталуда», - деді Қ.Сихимбаев.

Сонымен қатар, баспасөз мәжілісі барысында спикерлер «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын практикалық тұрғыдан іске асырудың негізгі нәтижелері, сот жүйесіндегі жаңашылдықтар, соның ішінде, сот ісін жүргізуге жаңа ақпараттық технологияларды енгізу жұмысы мен олардың тиімділігі туралы айтты.  

Баспасөз мәжілісі соңында С.Абдуллаев Мемлекет басшысы қойған талаптарды орындау барысында сот төрелігінің жүзеге асыру сапасын арттыруға, сот жүйесінің  тәуелсіздігі мен тиімділігін нығайтуға және оның имиджін көтеруге бағытталған міндеттерді орындау үшін қажетті шаралар ары қарай қолданылатындығын айтты.

 

Маңғыстау  облыстық сотының 2017 жылдың бірінші тоқсанындағы жұмыс қорытындысына арналған кеңеске облыс әкімі Е.Тоғжанов, құқық қорғау органдарының бірінші басшылары, судьялар мен БАҚ өкілдері қатысты.

Облыстық сот төрағасы Жақсылық Аланов өз сөзінде облыс соттарының Мемлекет басшысы мен Жоғарғы Сот Төрағасы қойып отырған талаптарды жүзеге асыруға өз үлестерін қосып отырғанын айтты.

- Соттардың бірінші тоқсанда атқарған жұмыстарына талдау жасау барысында сот төрелігін жүзеге асыру сапасының артқаны және жалпы қаралған істер санының көбейгені байқалады, - деді Ж.Аланов.

Кеңес барысында алқа төрағалары мен аудандық соттардың төрағалары, Соттар әкімшісінің басшысы, оқу орталығының, кадр резерві және Сот әдебі жөніндегі комиссиялардың төрағалары өз жұмыстары туралы баяндамалар жасады.

Баяндамашылар 2017 жылдың 3 айында жергілікті соттарда барлығы 8868 іс қаралып аяқталғанын, соның 381-ін – қылмыстық, 4234-ін азаматтық және 4253-ін әкімшілік істер құрайтынын айтты. Бұл өткен жылдың есепті мерзімімен салыстырғанда, қылмыстық істер саны 54 іске, азаматтық істер 706 іске, әкімшілік істер 687 іске артқан.

«Сот кабинеті» сервисі арқылы 2016 жылдың бірінші тоқсанында барлығы 2686 талап арыз тіркелсе, биылғы жылдың басынан бері бұл көрсеткіш 4812-ге жетіп, жалпы тіркелген арыздың 97,8 пайызын құрады.

Облыс әкімі Е.Тоғжанов өз сөзінде судьялардың жұмыс істеуі үшін барлық жағдай жасалуы тиіс екендігін айтты. Жиыннан соң облыс әкімі судьялар кабинетін, сот отырысы залдарын аралап, кеңсенің, сот залдарындағы аудио-бейнежазба құрылғыларымен және өзге де электронды сервистердің жұмысымен танысты.

 

Павлодар облыстық сотының төрағасы Мұхтар Смағұлов 2017 жылғы бірінші тоқсандағы сот төрелігін жүзеге асыру қорытындысы бойынша өңір судьяларының кеңейтілген кеңесінде сөз сөйлеп, істердің қаралу сапасына ерекше назар аударып, облыс соттарының жұмыс нәтижесін,  аудандық және оған теңестірілген соттар қызметінің рейтингтік көрсеткіштеріне тоқталып өтті.

Сот алқаларының төрағалары Е.Жанғазин мен А.Күзеков тоқсан қорытындысы бойынша сот төрелігін жүзеге асырудың сапалық және сандық көрсеткіші туралы баяндама жасады.

Өткен тоқсанда өңірдегі соттардың қарауына 575 қылмыстық іс түсті. Соның ішінде үкім шығарыла отырып 331 іс қаралған, бұл аяқталған істердің жалпы санының 56,1 пайызын құрайды. 98 қылмыстық іс медиация тәртібінде қысқартылды.

3 айда 11 543 азаматтық істі қарау аяқталды, соның ішінде шешім шығарыла отыры 4 786 іс немесе 41,5% қаралды.

Облыс соттары оңайлатылған іс жүргізу тәртібімен 1 734 істі қарады. Өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда өсім 6,4% құрады.  

Татуластыру рәсімдерін қолдана отырып аяқталған істер саны 472 немесе (80,4%) құрады. Ағымдағы жылдың 1 тоқсанында сотқа дейін жекелеген санаттағы дауларды (жанжалдарды) медиация тәртібінде реттеудің пилоттық жобасы шеңберінде 86 дау сотқа дейін медиациялық келісім негізінде аяқталды. 

Іс-шара өткізу барысында Павлодар облысының қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотына жаңадан тағайындалған судья Бахыт Нұрланов ант қабылдады.

Іс-шара соңында облыстық соттың төрағасы өңір соттарының жұмысын әрі қарай жақсартуды, істерді қарау кезінде заңдылықты сақтауды, сот төрелігін жүзеге асыруда сапалы көрсеткіштерді арттыру бойынша тапсырмалар берді.

   

Қызылорда облыстық соты 2017 жылдың 3 айында сот төрелігін жүзеге асыру бойынша атқарған жұмыстарының қорытындысын шығарды.

Іс-шараға Қызылорда облыстық сотының төрағасы, облыстық соттың алқа төрағалары, судьялары, сондай-ақ, Соттар әкімшісінің басшысы қатысты.

Облыстық сот төрағасы Нұрлан Қайырбеков кеңейтілген кеңес жұмысын аша келе, Ұлт Жоспарында сотқа қойылған  талаптардың ұтымды түрде іске асырылғанын атап өтіп, Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауындағы міндеттерге тоқталып өтті.

Мұнан әрі қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істерді қарау нәтижелері туралы баяндамалармен апелляциялық сот алқаларының төрағалары Қайрат Адранов пен Бақытжан Қалымбет сөз сөйледі. Олар бірінші және апелляциялық сатылардағы соттардың сот төрелігін жүзеге асыруының сандық және сапалық көрсеткіштері туралы мәлімдеді.

Кеңес шеңберінде Судья әдебі жөніндегі комиссияның атқарған жұмысы туралы Комиссия мүшесі Әбу Айбек, Оқу орталығының жұмысы бойынша үйлестіруші-судья Гүлсім Таңатова, сот имиджін көтеру, құқықтық насихаттау және БАҚ-пен өзара іс-қимыл бойынша үйлестіруші-судья Артур Наримов баяндама жасады. Іс-шара барысында соттардың есептік кезеңде жіберген кемшіліктері талқыланып, шешу жолдары бойынша ұсынымдар келтірілді.

Кеңейтілген кеңес қорытындысы бойынша сот төрелігін жүзеге асыру сапасын жақсарту, судьялар мен сот мамандарының кәсіби деңгейін арттыру, сондай-ақ алда атқарылатын жұмыстар бойынша тапсырмалар айқындалды.

 

Солтүстік Қазақстан облыстық сотында 2017 жылдың 1 тоқсанында   облыс соттарының сот төрелігін жүзеге асыру қорытындысы бойынша кеңейтілген кеңестің жұмысы Петропавл қаласы №2 сотының жаңадан тағайындалған судьясы Л.Крюкованың салтанатты түрде ант қабылдауымен басталды. Облыстық соттың төрағасы жас судьяға Судьялық әдеп кодексін табыс етті және оны мүлтіксіз сақтау қажеттігін айтты.

Кеңесте облыстық соттың алқа төрағаларының, Соттар әкімшісінің, Талдау және жоспарлау бөлімі басшысының есебі тыңдалды.

 Өңір соттары өткен тоқсан ішінде аяқталған 5 345 азаматтық істер бойынша шешім шығара отырып 2 293 істі қарады, 360 азаматтық іс бойынша бітімгершілік келісімдер жасалған. Облыс соттары медияция институтын енгізу бойынша жұмысты күшейтуге байланысты медиатордың қатысуымен 248 азаматтық істі қарады, 4-еуі – партисипативтік рәсім тәртібімен қаралған.

Спикерлер бірінші сатыдағы соттар шығарған шешімдердің 99,2%-ы заңды және негізделген деп атап айтты.

Облыс соттары қылмыстық істер бойынша 431 қылмыстық істі аяқтады, соның ішінде үкім шығарып 358 тұлғаға қатысты 300 іс қаралды, олардың ішінде 98,8%-ы заңды және негізді болып табылады.

Облыс соттары 2017 жылдың аяқталған мерзімі ішінде 3 191 әкімшілік істі қарады, соныңішінде 99,9%-ы заңды әрі негізді деп танылды.

Кеңес соңында Е.Айтжанов судьялардан сот ісін жүргізудің белгіленген  принциптерін қатаң сақтауды талап етті және қаралатын істердің барлық санаттары бойынша сот төрелігінің жедел және сапалы іске асыруды мүлтіксіз сақтауды қамтамасыз ету мақсатында бірқатар тапсырмалар берді.

Қайнар: 
Жоғарғы Соттың баспасөз қызметі