Оңтүстік Қазақстан облыстық сотында жер заңнамасын қолданудың мәселелері талқыланды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

«Дөңгелек үстел» мәжілісіне облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Т.Бекімбетов және облыстық, аудандық соттардың судьялары мен облыстық прокуратура, аудан, қала әкімдіктерінің, облыстық жер қатынастары басқармасының, ОҚО өңірлік бағалау палатасының, «Азаматтарға арналған үкімет Мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес АҚ-ның ОҚО бойынша Жер кадастры және жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру департаментінің өкілдері қатысты.

Т.Бекімбетов, өз сөзінде, жер мәселесіне байланысты даулардың жылдан-жылға азаймай келе жатқанын, бұған алынған жер телімін уақытында ресімдемеуі, тіркелмеуі, мемлекеттік органдардың жұмысындағы кемшіліктер және жер-кадастрлық істерде мәліметтің толыққанды болмауы, жылжымайтын мүлікті жария етуге байланысты даулар орын алып жатқандығын атап өтті. Осыған байланысты «дөңгелек үстел» мәжілісінде осы өзекті мәселелерді шешу жолдары бойынша қатысушыларды ой-пікірлерімен бөлісуге шақырды.

Облыстық соттың судьялары Б.Тәңірбердиев, А.Алшынбаев және Шымкент қаласының Қаратау, Абай аудандық соттарының судьялары Е.Ағманов пен М.Шарипов өз баяндамаларында соттардың жер заңнамасы нормаларын қолданудағы сот тәжірибесіне тоқталды. Олар қалалық атқарушы органдардың тарапынан жер учаскелерін жеке меншік, тұрақты жер пайдалану, уақытша өтеулі жер пайдалану, уақытша өтеусіз жер пайдалану құқықтары жөнінде шешім қабылдаған кезде бұрын беріліп қойған жер учаскесін меншік иесінен және жер пайдаланушыдан заң талаптарын сақтамастан алып қою, ал жерді пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын органдар лауазымды адамдарды бұл құқықтары мен міндеттерін заң жүзінде атқармайтыны және заң талаптарын сақтамастан,  асығыс түрде жер учаскесін бекіту жайлы құжаттар дайындайтыны, сондай-ақ,  жер телімдерін мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығару кезінде заң талаптарының сақталмайтыны, соның салдарынан дау туындап, азаматтардың араларында мемлекеттік органдарға сенімсіздік туып, ақыры сотқа жүгінуге мәжбүр болатынын баса айтты.

«Дөңгелек үстел» мәжілісінде ОҚО прокуратурасының, Шымкент қаласы әкімі аппаратының, Шымкент қалалық жер қатынастары бөлімінің және ОҚО өңірлік бағалау палатасы өкілдерінің баяндамаларында жер туралы заңнаманың кейбір талаптары бойынша өзгерістер енгізу қажеттігі туралы ұсыныстар айтылды.

Мәжілістің қорытындысы бойынша тиісті ұсынымдар әзірленіп, ол барлық мемлекеттік органдар мен мекемелерге жіберілетін болды.

Қайнар: 
Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметі