Маңғыстау облыстық сотында бітімгерлік рәсімдерін қолдану туралы семинар өтті

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Шараға қатысушылар Жоғарғы Соттың жеке санаттағы дауларды (жанжалдарды) медиация тәртібімен сотқа дейін реттеу бойынша пилоттық жобасын қалың көпшілікке таныстырды.

Іс-шараға  Маңғыстау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы Е.Қарабаев, облыстық соттың судьялары, аудандық және оған теңестірілген соттардың төрағалары мен судьялары, «Қазақстан медиаторларының ассоциациясы» ҚБ-нің бас директоры, «Халықаралық құқық қорғау орталығы» ҚҰ-ның басшысы, ТМД Экономикалық соты жанындағы дауларды реттеу бойынша халықаралық орталықтың бітімгері, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі Ж.Жақыпов, кәсіби және кәсіби емес медиаторлар, екінші деңгейлі банктердің, нотариалдық палаталардың, адвокаттар алқасының, ҮЕҰ мен БАҚ өкілдері  қатысты.

Шараны ашып, жүргізіп отырған облыстық соттың судьясы, бітімгерлік рәсімдерін үйлестіруші судья Г.Имангалива аталған семинардың мақсатын және пилоттық жобаның ережелерін таныстырды.

Облыстық соттың судьясы Г.Бақытжанова «Медиация» заңы қабылданғаннан бері соттарда қаралған істер туралы мәліметтер келтіре отырып, баяндама жасады.  Маңғыстау облысы соттарында 2016 жылдың 12 айында медиаторлардың, судья-медиаторлардың қатысуымен 535 азаматтық іс медиация тәртібімен шешімін тапқан. Яғни, отбасы, жер, тұрғын үй, қарыз ақша өндіру, жер, еңбек мәселелеріне қатысты даулар бойынша кей істер сот медиациясымен және судья медиаторлармен қаралып, өндірістен қысқартылған. Сондай-ақ, баяндамашы Маңғыстау облыстық соты мен әкімдік, қоғамдық ұйымдар арасында татуластыру рәсімдері институтын дамыту бойынша, әкімдіктер жанында медиация кабинеттерін ашу туралы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылып, облыстағы әрбір ауданда медиация кабинеттері ашылғандығын айтты.

"Азаматтық-процестік кодекстегі татуластыру рәсімдері өз нәтижесін беріп, сотта медиацияның  қолданысы артып келеді. Сондықтан,  алдағы уақытта дауларды сотқа жеткізбей шешуге бағытталған жаңа пилоттық жоба да  медиацияның  дамуына өз ықпалын тигізіп, қоғамдағы дауларды азайтуда өміршеңдігін көрсетері  анық», - деп сөзін қорытындылады  Г.Бақытжанова.  

Судья М.Аубакиров өз баяндамасында дауларды (жанжалдарды) медиация тәртібімен сотқа дейін міндетті түрде реттеудің маңыздылығына, осы пилоттық жобаның ережелеріне тоқталды.

Шара барысында жаңа пилоттық жобаны халыққа барынша насихаттап, түсіндіру жұмыстарын жүргізу, бұл бағытта медиаторлардың да белсенділік танытуы қажет екендігі айтылды.

Кездесу барысында Ж.Жақыпов медиация заңы мен бітімгерлік рәсімдерінің қолданылу техникасы туралы оқыту семинарын өткізіп, қатысушыларға сертификаттар тапсырды.

Шараға қатысушылар жаңа жобаға қолдау білдіріп, жаңашылдықтың кешікпей заңнамалық тұрғыдан бекітілуіне үміт артатындарын айтты.

Источник: 
Маңғыстау облыстық сотының баспасөз қызметі