Әлемдік заң үстемдігі рейтингісіндегі Қазақстанның позициясы жақсара түсті

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

2015 жылы әлемдік заң үстемдігі рейтингісінде (The Rule of Law Index 2015) Қазақстан 65 орынға ие болды. Яғни, өткен жылмен салыстырғанда алты орынға көтерілді.

Бұл рейтинг бүкіл әлемде заңның үстемдігін дамыту бағытында жұмыс істейтін, тәуелсіз, көпсалалы «World Justice Project» халықаралық үкіметтік емес ұйымы тарапынан жыл сайын әзірленеді. 

Рейтинг мынадай негізгі сегіз көрсеткішке негізделген: билік институттары құзыретінің шектелуі, сыбайлас жемқорлықтың болмауы, тәртіп және қауіпсіздік, негізгі құқықтарды қорғау, билік институттарының ашықтығы, заңдардың сақталуы, азаматтық және қылмыстық сот төрелігі.

Жоба құқық үстемдігінің маңыздылығы туралы жұртшылықтың хабардар болу деңгейін арттыруға және мемлекеттік реформаларды ынталандыруға бағытталған. 

Биылғы жылы рейтинг шеңберінде 102 ел бағаланды. Аталған рейтингте Қазақстан Молдова (69 орында), Украина (70), Қытай (71), Қырғызстан (74), Ресей (75), Түркия (80), Өзбекстан (81) секілді елдерден озық шықты.  

Дания, Норвегия, Швеция, Финляндия және Нидерланды секілді Солтүстік Еуропа елдері әлемдік рейтингтің ең алдыңғы қатарынан орын алды.

Сондай-ақ, үздік ондық Жаңа Зеландия, Австрия, Германия, Сингапур және Австралияға тиесілі. Ал Зимбабве, Ауғанстан және Венесуэла елдері рейтингтің соңғы орындарында қалған.

 

 

Источник: 
ҚР Жоғарғы Сотының баспасөз қызметі