Қызылордадағы сот ғимараттарында Халыққа қызмет көрсету орталығының мобильді бөлімшелері ашылды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Қызылорда облысы бойынша Соттар әкімшісі қалың бұқараның сот төрелігіне қолжетімділігін арттыру, сотқа жүгінуші тараптардың уақытын тиімді пайдалану мақсатында сот ғимаратында Халыққа қызмет көрсету орталығының мобильді бөлімшесін ашты. Аталған бөлімше Қызылорда облыстық, Қызылорда қалалық, Қызылорда №2 қалалық, Қызылорда қаласының мамандандырылған әкімшілік, Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық және Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі соттарының ғимараттарында жұмыс істейді.

 Арнайы бөлінген жұмыс кабинетінде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы коммерциялық емес акционерлік қоғамының Қызылорда облысы бойынша филиалының жауапты қызметкері азаматтарға орталықтан алатын қажетті анықтамалық құжаттарды және электронды санды қолтаңбаны беру қызметін жүзеге асырады. Сонымен қатар, уақытша тіркеу, жеке кәсіпкерлерді, адвокат, сот орындаушыларын тіркеу, бала-бақшаға кезекке қою, кезек санын көру, бала туғанда берілетін және бала күтімі жөніндегі жәрдемақыларды тағайындау қызметін ұсынады.

Сот жүйесінде 2014 жылдың тамыз айынан бастап «Сот кабинеті» ақпараттық электронды сервисі қолданылып отыр. Аталған сервистің мобильді нұсқасы 2015 жылдың қазан айында қолданысқа енгізілді.

 «Сот кабинеті» ақпараттық электронды сервисінің қызметін кеңінен пайдалану үшін азаматтар мен мемлекеттік органдардың электронды санды қолтаңбасы болуы және тиісті түрде тіркелуі қажет.

Бүгінгі күнге дейін сотқа жүгінуші қарапайым халыққа «Сот кабинеті» сервисінің тиімділігі түсіндіріліп, тиісті ақпараттар берілгенімен, олардың Халыққа қызмет көрсету орталығына барып, ЭЦҚ-ны ресімдеудегі қиыншылықтарын және жол жүру шығындарын алға тарту фактілері орын алды. Енді азаматтар аталған қызметтерді сот ғимаратынан шықпай-ақ, Халыққа қызмет көрсету орталығынан ала алады.

Ал, өз кезегінде, соттың жауапты қызметкерлері мемлекеттік көрсетілетін қызмет шеңберінде «Сот кабинеті» электронды  ақпараттық  сервисі арқылы  электронды арыздарды беру барысында практикалық көмек көрсетіп, кеңестер береді.

Электронды сервис жұмыс жасаған уақыттан бастап Қызылорда облысы соттарына 56 171 талап арыз, 20 422 әкімшілік істер және 1 034 жүгінулер «Сот кабинеті» арқылы түскенін атап өткен жөн.

Қайнар: 
Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметі