Қарақшы қылмыскерлер жазаларын алды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қарақшылық шабуыл жасаған және есірткі затын өткізу мақсатынсыз сақтап, тасымалдағаны үшін екі сотталушыға қатысты айыптау үкімін жариялады.

Іс-құжаттарына сәйкес, сотталушы Ш. өзінің танысы сотталушы Р-мен бірге 2017 жылдың ақпан айының аяғында қарақшылық жасауға келісімге келген. Бастарына киетін арнайы қалпақ, болгарка және қос ауызды аңшы мылтығын алып, жәбірленуші Б-ның қорасына жасырын заңсыз кіріп, ондағы жалдамалы жұмысшының басынан мылтықпен бір мәрте ұрып, үйіндегі адамдарға полицияға қоңырау шалмауға бұйрық беріп, үй ішіндегі сейфтің есігін болгаркамен бұзып, ондағы 27 500 АҚШ доллары мен 300 000 теңгесін алып, қарақшылық жасап, оқиға орнынан бой тасалаған. Сөйтіп жәбірленуші Б-ға жалпы құны 8 937 475 теңге мүліктік шығын келтірген.

Содан кейін наурыздың 4-і күні жедел іс-шаралары жүргізілген кезде сотталушы Ш-дан салмағы 2,33 г., 1,97 г. марихуана және 248,64 г. есірткі заты гашиш, сотталушы Р-ның пәтерін тінту барысында салмағы 1178,36 г. марихуана есірткі заттары дәлелдеме ретінде алынған.

Сот үкімімен сотталушылар Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 192-бабының 4-бөлігі, 2-тармағымен (адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен аса ірі мөлшерде жасалған қарақшылық) және 296-бабының 2,4-бөліктерімен (аса ірі мөлшердегі есірткі заттарын өткізу мақсатынсыз иемденіп, сақтап, тасымалдау) кінәлі деп танылды,  сотталушы Ш. 11 жылға, ал сыбайласы Р.-ның әрекетінде қылмыстың қауіпті қайталануына байланысты 11 жыл 6 айға бас бостандықтарынан айырылып, мүлкілері тәркіленді. Сонымен қатар, жәбірленушінің пайдасына сотталушылардан келтірілген шығын өндірілетін болды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ. 

Қайнар: 
Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметі