Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотында Б.Рысқалиевтің ұйымдасқан қылмыстық тобының өкілдеріне сот үкімі шықты

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Бүгін Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотында Атырау облысы  әкімдігінің бұрынғы бір топ лауазымды тұлғалары мен кәсіпкерлеріне  қатысты  сот үкімі жарияланды. Сот оларды ұйымдасқан қылмыстық топты құру, 42 млрд. теңге көлеміндегі бюджеттік қаржыны талан-таражға салу, лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану, алаяқтық жасау, қызметтік жалғандық жасау, іс жүзінде жұмыстарды орындамай, құқыққа қарсы мақсаттарды көздеген мәмілелер жасау секілді қылмыстық әрекеттері үшін кінәлі деп тапты.

Естеріңізге сала кетейік, басты сот талқылауы 2014 жылдың 23 қаңтарында басталып, содан бергі уақыт ішінде «пәтерлер», «нысандарды жекешелендіру», «көпірлер салу», «Атырау Құрман Құрылыс», «СнабОйлСтрой» ЖШС қызметі», «Газ жүргізу» т.б. 12 топтама бойынша сотталушылардың қылмыстық әрекеттері тергелген болатын.

Осы іске қатысты 22 адам әр түрлі деңгейдегі шенеуініктер, ұйымдасқан қылмыстық топқа тартылған облыстық, қалалық әкімдіктің тапсырыстарын орындаған мердігер компаниялардың қызметкерлері, ұрланған қаржыны қолма-қол ақшаға аударған жеке тұлғалар қылмыстық жауапкершілікке тартылды.

Осы іске 2 мемлекеттік айыптаушы, 24  қорғаушы қатысты. Сот қосымша 5 сараптама тағайындап, 438-ден адамнан жауап алды. Сотқа түскен кезде қылмыстық істің көлемі – 777 томды құрады.

Сот үкімі 1500 парақы /10 томды/ және сот мәжілісінің хаттамасы 200 томды құрады, , яғни сот дәлелдемелерді  зерттеу үшін ауқымды жұмыс атқарды.

Төрағалық еткен судья Гүлмира Дәулетованың үкіміне сәйкес, 15 адамға қатысты бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, соның ішінде 8-і сот залынан қамауға алынды: облыс әкімінің орынбасары Болат Дәукенов – 15 жылға, облыс әкімінің орынбасары Асқар Әбдіров – 12 жылға, құрылыс басқармасының бастығы Нұрлан Кенжебеков  – 8 жылға, энергетика басқармасының бастығы Бауыржан Жайсаңов – 7 жылға, облыс әкімінің аппарат басшысы Асқар Керімов – 3 жылға, «Мемсараптама» РМК директоры Ұлан Құралбаев – 7 жылға,  «Мемсараптама» РМК  директорының орынбасары Тұрланбек Жиенбаев – 8 жылға, кәсіпкер Александр Корецкий – 11 жылға, құрылыс басқармасы бастығының орынбасары Ибрагим Әміров – 4 жылға,  «Строй ЛТД» ЖШС директоры Эдуард Дурманов – 5 жылға, «Жолаушылар лизингтік вагон компаниясының» бұрынғы жетекші инженері Азамат Құрмантаев – 7 жылға , «Арқайым-2005» ЖШС директоры Александр  Кузема – 7 жылға, облыстық қаржы басқармасының бастығы Бауыржан Жантеміров – 4 жылға,  «Батыс Транспорт Сим» ЖШС директоры Рахметолла Алшенов – 8 жылға, «Азия Маркет С» ЖШС директоры Қайырғали Қадыров – 2 жыл 6 айға сотталды.

Ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында қылмыстар жасағандары үшін 9 адам, ұйымдасқан топтың мүддесінде жасалған әрекеттері үшін 3 адам сотталды.

Сот үкімімен осы аталған тұлғалардың дүние-мүлкінің тәркіленіп, әр түрлі мерзімге  кәсіпкерлік және мемлекеттік қызметпен айналысу құқығынан айыру жазасы да көзделген.

 Сот сотталған Қ.Әлімов пен А.Есетовтің ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында болмағанын анықтады.

«Атырау Құрман Құрылыс» ЖШС директоры Құрманғазы Әлімовтің өзіне тапсырылған мүлікті талан-таражға салғанымен, келтірген зиянды толық өтеуіне және алаяқтық әрекеттерге көмектескен сауда істері жөніндегі 18 жасар менеджер Асхат Есетовке жәбірленушінің кешірім беруіне байланысты сот оларға қатысты шартты жаза тағайындады.

 «Актобехаусконстракшн» ЖШС және «BNB Construction» ЖШС бас есепшісі Гүлмира Әзбергенова – ұйымдасқан топқа қатысу, тапсырылған мүлікті талан-таражға салуға көмектесу, іс жүзінде жұмыстарды орындамай,  құқыққа қайшы мақсаттарды көздеген мәмілелер жасау деген айыптардың дәлеледенбеуіне байланысты ақталды. «Ан и Та Консалтинг» ЖШС директоры Татьяна Шарыпкинаға қатысты іс қылмыстық жауаптылыққа тартудың мерзімінің ескіруіне орай тоқтатылды.

   «СнабОйлСтрой»  ЖШС директоры Айгүл Бейсебековаға, оның қаржы мәселелері жөніндегі орынбасары Айнұр Батырбаеваға, бас есепшісі Кенжегүл Сейсеноваға қарауында жас балаларының, соның ішінде еметін баланың болуына байланысты сот ҚК-нің 5-бабын қолданып, заңда көзделген жазадан неғұрлым жеңіл жаза тағайындап, ҚК-нің 72-бабына сай, жазаны балалары 14-жасқа толғанғанан кейін өтейтін болды.

Сот үкімі  заңды күшіне енген жоқ.

Источник: 
Атырау облыстық сотының баспасөз қызметі