Арқалықта сот әскерге шақырылушының құқығын қорғады

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Арқалықтың 19 жастағы тұрғыны Елдос Қошқар өткен жылдың қараша айында әскерге шақырылушы ретінде арнайы комиссиядан өту кезінде күтпеген жерден бұзақылық жасағаны үшін 2006 жылы қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын білген.

Істің мән-жайын білмек болған жігіт жергілікті халыққа қызмет көрсету орталығына барып, ол жерден бұрын-соңды сотталғандығы туралы анықтама алған. Анықтамада 2006 жылдың 7 қыркүйегінде Арқалық қалалық ішкі істер басқармасы қызметкерлері оны ҚР Қылмыстық кодексінің 257-бабының 1-бөлігі (1997 жылғы редакцияда «бұзақылық») бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартқаны, ал 14 қыркүйекте оңалтусыз негіздер бойынша қылмыстық істі қозғаудан бас тарту туралы қаулы шығарғаны көрсетілген. Алайда, ол кезде 9 жаста болған шағымданушы қылмыстық әрекет жасамағанын біледі және де ҚР ҚК-нің 15-бабына сәйкес, аталған бап бойынша қылмыстық жауаптылық басталатын жас шамасы қылмыс жасау кезінде тұлға 16 жасқа толуы тиіс.

Аталған қаулы көшірмесін алу үшін қалалық прокуратураға өтініш жасаған жігітке мекемелік нұсқаулық талаптарына сәйкес қылмыстық істі қозғаудан бас тарту туралы материал және қылмыстық істі қозғаудан бас тарту туралы қаулы көшірмесі сақтау мерзімінің өтуіне орай жойылғандығы туралы жауап келген.

Осыдан кейін ол Арқалық қалалық сотына жүгінген. Сот әскери қызмет қатарына өте алмай қалған жігіттің шағымын қанағаттандырды. Сот шағымданушының қылмыстық жауапкершілікке тартылуын заңсыз деп танып, қалалық ішкі істер басқармасы шығарған қылмыстық істі қозғаудан бас тарту туралы қаулының күшін жойды.

Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ. 

Қайнар: 
Қостанай облыстық сотының баспасөз қызметі