Қостанайда сот балалар үйі тәрбиеленушісінің құқығын қайта қалпына келтірді

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Қостанайдың 21 жастағы тұрғыны Қостанай облысы әкімдігінің білім басқармасының «Қостанай облыстық балалар үйі» ҚММ-не арызымен сотқа жүгінді. Азаматша өз шағымында өкілетті органның оны ата-ананың қарауынсыз қалған бала ретінде есепке алу бойынша әрекетсіздігін заңсыз деп тануды және бұзылған құқығын қалпына келтіруді сұраған.

Шағым иесі Федоров ауданындағы балалар үйінде, кейін Қостанай облыстық балалар үйінде тәрбиеленген. Алайда, тұрғын үй алу үшін есепке тіркелмеген. Тек, 2012 жылы 9 сыныптан кейін студент атанған ол колледж қызметкерлерінің ақпараттандыруынан соң, 15 жасында пәтерге тиісті құжаттарды тапсырған.

Уақытты оздырып алғандықта, оның тұрғын үйге кезегі  700-ден астам адамнан кейін тіркелген. Ал онымен бірге балалар үйінде тәрбиеленгендер алдыңғы ондықта болған.

Ата-ананың қарауынсыз қалған балалар 29 жасқа дейін мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алуға құқылы екенін ескерсек, 21 жастағы балалар үйінің тәрбиеленушісі баспанасыз қалуы мүмкін еді. Осы жайт азаматша шағымына негіз болды.

Сот азаматшаның құқығы бұзылған деп танып, шағымды қанағаттандырды. Сот шешімімен облыстық балалар үйінің әрекеті заңсыз деп танылып, жіберілген заңсыздықты жоюды міндеттеді.

Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.

Қайнар: 
Қостанай облыстық сотының баспасөз қызметі