2015 жылдың бірінші тоқсанында қаралған азаматтық істердің саны көбейді

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

БААТЖ мәліметтері бойынша 2015 жылғы 1-тоқсанда республиканың аудандық және оған теңестірілген соттарына барлығы 252 001 арыз бен іс, соның ішінде 151 119 азаматтық, 91 794  әкімшілік және 9 088 қылмыстық іс келіп түсті.

Бұл 2014 жылдың 1-тоқсанымен салыстырғанда 18 564 іске немесе 6,9%-ға кем (270 565 арыз бен іс, соның ішінде 156 194 азаматтық, 103 513 әкімшілік және 10 858 қылмыстық іс).

Барлығы 237 777 істі жүргізу аяқталды.  Оның ішінде 141 924 азаматтық істі қарау аяқталды, бұл 2014 жылдың 1-тоқсанымен салыстырғанда 8,1%-ға көп (131 293). Шешім  шығарылып 88 324 іс қаралды.

Баламалы тәсілдер қолданыла отырып шешім шығарылып аяқталған азаматтық істердің саны 2 956 істі құрады. Соның ішінде 1 958 іс бойынша бітімгершілік келісім жасалды, 998 іс бойынша дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісім жасалды (2014 жылдың 1-тоқсанында  – тиісінше 2 226  және 645 іс).

Осылайша, медиаторлардың қатысуымен қаралған азаматтық істердің саны 55%-ға көбейді.

Барлығы 8 730 қылмыстық iс аяқталды, бұл 2014 жылдың 1-тоқсанымен салыстырғанда 16,4%-ға төмен.  Үкім шығарылып  5 904 адамға қатысты 4 945 қылмыстық іс қаралды (2014 жылдың  1-тоқсанында - 6 178 адамға қатысты 4 935 қылмыстық іс). 110 адам ақталды (93).

Барлығы 5 794 адам сотталды, соның ішінде 1 860 адам немесе сотталғандардың жалпы санының 32,1%-ы бас бостандығынан айырылды (2014 жылдың 1-тоқсанында - 6 085 адам сотталған, соның ішінде 2 289 адам немесе 37,6%-ы бас бостандығынан айырылған).  2 973 адамға (2 481) бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындалды, 787 адам (986) шартты түрде сотталды.

Осылайша, соттардың бас бостандығынан айыру жазасын қолдануы азайып, керісінше, бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазаларды қолдану көбейді.

Есепті кезеңде соттар бұлтартпау  шарасын таңдау,  ұзарту  туралы 3 650 өтiнiш хатты қарады, оның ішінде 3 515 өтініш хат немесе 96,3%-ы қанағаттандырылды (2014 жылдың 1-тоқсанында – 4 241 өтініш хат қаралды, оның ішінде 4 604 немесе 95,8%-ы қанағаттандырылған).

Соттар қараған әкiмшiлiк iстердiң саны 7,8%-ға төмендеді және 87 123 (94 535) iстi құрады.

Азаматтық, қылмыстық және әкімшілік істерді қарау кезінде іс жүргізу мерзімдері бұзылған жоқ.

Жалпы республика бойынша қабылданған сот актілерінің 98,4%-ы заңды әрі негізді деп танылып отыр.

Источник: 
Жоғары Соттың Баспасөз қызметі