Жоғарғы Сот Төрағасы журналистерді кәсіби мерекелерімен құттықтады

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Бүгін Жоғарғы Сот Төрағасы Қайрат Мәми БАҚ басшылары мен қызметкерлерін, соттардың баспасөз хатшыларын кәсіби мерекелерімен – Байланыс және ақпарат қызметкерлері күнімен құттықтады.

«Бұқаралық ақпарат құралдары – адамның қоғамдық әлеуметтенуінің маңызды элементі. Әсіресе, бұл процесс Интернет пен әлеуметтік желілердің даму сәтінен бастап күшейе түсті. Нәтижесінде, ақпаратты жазу мен таратудың жылдамдығы бірнеше есе артты. Осы орайда, мемлекеттік органдардың жұмысы да өзгеруі тиіс. Олар неғұрлым жедел болуы әрі ақпараттық материалдардың сапасына зор көңіл бөлуі, ағымдағы мәселелерді талқылау бойынша диалог құруға үнемі дайын болуы тиіс», - деді Қ. Мәми.

Транспаренттік және ашықтық – Жоғарғы Соттың басты басымдықтарының бірі. Барлық өңірде БАҚ-пен жұмыс жөніндегі үйлестіруші-судьялар және соттардың баспасөз қызметі белсенді жұмыс істеуде. Олардың міндеті – БАҚ-пен өзара байланыс орнату және соттар қызметін жариялау бойынша кешенді ақпараттық саясат жүргізу.

Соттар мен үкіметтік емес ұйымдар арасында сындарлы ынтымақтастық орнады. Олардың арасында «Әділ сөз» халықаралық сөз бостандығын қорғау ұйымы, ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалар офисі, Интерньюс, Қазақстан журналистерінің одағы, Бас редакторлар клубы секілді ұйымдар бар. Жоғарғы Соттың қолдауымен еліміздің тоғыз өңірінде өкілдігі жұмыс істейтін Сот репортерлерінің гильдиясы құрылды.

Кездесуде Жоғарғы Сот Төрағасы Елбасының бастамасымен қолға алынған «100 нақты қадам – баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» атты Ұлт Жоспарына сәйкес, сот жүйесін реформалау бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталып өтті.

Атап айтқанда, Ұлттық комиссия судьялыққа үміткерлердің жасын 30 жасқа дейін өсіру, оларға қатысты сот өндірісіне тікелей қатысты бес жылдық жұмыс өтілін енгізу жөніндегі ұсыныстарды қолдады. 

Бұған қоса, Сот төрелігі институты Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының құрамынан шығарылып, Жоғарғы Соттың құзырына берілетін болды, онда оқитын магистранттар мен судьялыққа үміткерлер үшін тағылымдама мерзімін бір жылға дейін арттыру көзделуде. 

Жаңадан тағайындалған судьялар үшін бір жылдық сынақ мерзімі енгізілетін болады. Президент жанындағы Жоғары Сот Кеңесінің жұмысы реформаланып, ол қызметкерлер штатына ие тұрақты жұмыс істейтін органға айналады.

Сот жүйесі үш сатылы қағидат бойынша өзгеріске ұшырайды. Бірінші саты – аудандық соттар, апелляциялық саты – облыстық соттар және кассациялық саты – Жоғарғы Сот.

Жоғарғы Соттың жанынан Халықаралық консультативтік кеңес құру көзделуде. Аталған Кеңес Жоғарғы Сотқа халықаралық озық стандарттарды және сот тәжірибесін қазақстандық сот төрелігіне қолдануға көмектесетін болады.

Оның құрамына белгілі заңгерлер, экономистер, қаржыгерлер, құқықтың жекелеген салаларының білікті мамандары, бірінші кезекте, шетелдік сарапшылар енетін болады.

Сот жүйесінде жаңа ақпараттық-коммуникациялық технологияларды енгізуді кеңейту бойынша жұмыс жалғасын табады.

Мәселен, ағымдағы жылдың соңына дейін барлық сот залдары аудио- және бейнетіркеу жүйелерімен жарақтандырылатын болады. Интернет арқылы сот құжаттарына қол жеткізу мүмкіндігі кеңейеді. Сонымен қатар, Интернет-технологиялар арқылы қатысушылар сот отырыстарының өтетіндігі туралы барлық қажетті ақпаратқа ие болады.

Еліміздің заңнамасын жаңғырту бойынша тиісті жұмыс жүргізілуде. Осы жылдың басынан бері республика соттары жаңартылған қылмыстық заңнама аясында жұмыс істеуде. Жоғарғы Сот Азаматтық процестік және Әкімшілік процестік кодекстердің жаңа редакцияларын әзірлеуде. Азаматтық процестік кодекстің жаңартылған жобасы Мәжілісте мақұлданып, қазіргі таңда Парламент Сенатының қарауына енгізілген.

Кездесу шеңберінде «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамының президенті Сауытбек Абдрахманов, «Қазақстан» телерадиокешені»  акционерлік қоғамының басқарма төрайымы Нұржан Мұхамеджанова, «7 арна» директорлар кеңесінің төрайымы Бибігүл Жексенбай, «Человек и закон» газетінің бас редакторы Марат Башимов, «КТК» телеарнасы «Черный квадрат» бағдарламасының продюсері Валерий Тараканов сөз сөйледі.

Іс-шараның соңында Қайрат Мәми кездесуге қатысушыларға сот жүйесінің қызметін ақпараттық жариялаудағы белсенді жұмысы үшін алғыс білдіріп, оларға Құрмет грамоталары мен бағалы сыйлықтар тапсырды.

Источник: 
ҚР Жоғарғы Сотының баспасөз қызметі