Жоғарғы Сот судьясы А.Қасымов Қызылорда облысы соттарының жұмысына оң баға берді

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Қызылорда облыстық сотында 2016 жылғы сот төрелігін жүзеге асыру қорытындысы бойынша кеңейтілген кеңес өтті.

Кеңес жұмысына Жоғарғы Соттың судьясы Ақылтай Қасымов, Қызылорда облыстық сотының төрағасы Нұрлан Қайырбеков, облыстың судьялары мен соттар әкімшілігінің басшылығы қатысты.

Іс-шараны Қызылорда облыстық сотының төрағасы Нұрлан Қайырбеков ашып, өткен жыл ішінде облыс соттары судьяларының сот төрелігін жүзеге асырудың қорытындыларын айтып өтті.

Жиын барысында қылмыстық, азаматтық, әкімшілік істер бойынша 2016 жылғы сот төрелігін жүзеге асыру туралы алқа төрағалары Бақытжан Қалымбет пен Қайрат Адрановтың есептері тыңдалды.

Олардың ақпаратына сәйкес, 2016 жылдың 12 айында жергілікті соттарға 1727 қылмыстық іс түсіп, өткен жылдан қалған істердің саны 86-ны құрады. Осы аралықта 726 адамға қатысты 617 іс өндірістен қысқартылған.

Есепті кезеңде кінәні мойындау тәртібі процестік келісіммен 68 қылмыстық іс қаралып,  теріс қылық жасаған 325 адамға жаза қолданылған.

ҚПК-нің 55-бабы тәртібінде тергеу судьяларының қарауына 1473 материал келіп түсті. Бұл өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда, 40,3 пайыз 2,5 есеге көп (2015 жылдың 12 айында – 594 материал).

Сыбайлас жемқорлыққа байланысты 2016 жылдың 12 айында аудандық және оған теңестірілген соттарда 39 адамға қатысты 35 іс, есірткінің заңсыз айналымына байланысты  239  адамға қатысты 213 іс қаралған.

2016 жылдың 12 айында аудандық және оған теңестірілген соттардың өндірісіне 24 525 талап арыз (арыз, шағым), 366 іс, 11 812 әкімшілік іс түскен. Медиация тәртібімен 335 қылмыстық және 485 азаматтық, 86 әкімшілік іс, партисипативтік рәсім қолданылып 14 азаматтық іс қаралған.

Ақылтай Қасымов өз баяндамасында жаңадан қабылданған Судьялық әдеп кодексіне тоқталып, судьяларға қойылатын талаптар туралы айтып өтті.

Кеңесте судья әдебі жөніндегі комиссияның төрағасы Сағатбек Сүлеймен, оқу орталығының үйлестірушісі Гүлсім Танатова, БАҚ-пен өзара іс-қимыл бойынша үйлестіруші-судья Артур Наримов, Соттар әкімшісінің басшысы Азамат Жұмамұратов сөз сөйледі. Бұған қоса, отырыс шеңберінде бірқатар аудандық сот төрағалары да баяндама жасады.

Қызылорда облыстық сотының төрағасы Н.Қайырбеков сот төрелігін сапалы және жедел жүзеге асыру, судьялардың кәсіби деңгейін арттыру, сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу іс-шараларын жалғастыруды атап көрсетіп,  алдағы атқарылатын жұмыстар мен тапсырмаларды айқындады.

Іс-шараның соңында аудандық және оған теңестірілген соттар арасында өткізілген «Жылдың үздік аудандық соты» байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі болып өтті.

Конкурс қорытындысы бойынша аудандық соттар арасында бірінші орынды – Қызылорда қалалық соты, екінші орынды – Жаңақорған аудандық соты, үшінші орынды – Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты иеленді.

Кеңес жұмысынан соң Жоғарғы Соттың судьясы Ақылтай Қасымов Қызылорда облысы соттарының жұмысымен танысып, сот жұмысына оң бағасын берді.

Источник: 
Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметі